Қосшы тұрғындары сапасыз жолдың кесірінен апаттық жағдайлар жиі туындайтынын айтып шағымданды

Almaty.tv
Almaty.tv
Олардың айтуынша, 8 жыл бойы жөндеу жүргізілгенімен, түйткіл шешілер емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жылда бетін жылтыратып қояды әдемілеп, алайда мәселе шешілмейді». Елорда маңындағы Қосшы аулының тұрғындары жолдарға жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сапасыз екенін айтып шағымдануда. Олардың айтуынша, 8 жыл бойы жөндеу жүргізілгенімен, түйткіл шешілер емес. Әсіресе жаңбырлы күндері шұрық-тесік, шұңқыр жолдарға су толып, апаттық жағдайлар жиі туындайды. Тұрғындардың өкпе-назын елордалық Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек тыңдап қайтты.

Бұл – Қосшы ауылындағы «Лесная поляна» тұрғын үй алабының тұрғындары түсірген бейне. Олардың  айтуынша, олар әр жаңбыр жауған сайын мұндай жағдайға душар болады. Құдды бір кемемен су бетінде жүзгендейміз дейді. Қосшы аулының тұрғыны Ержан Әріпжанов күн сайын осы жолмен қалаға қатынайды. Әбден жауыр болған түйткіл мезі қылғанын айтады. Шұрық-тесік жолдың салдарынан көлігі бұзылып, оны жөндеу қалтаны қағатынын жеткізді. Ойқы-шойқы жолдың мәселесі шешілмей келе жатқанына осымен 8 жыл болды.

«Осы «Лесная поляның» адамдары айтты қанша рет. Әкімдікке айтылады. Жасалды деп айтады. Бірақ та осының сыртынан жамай салады. Суағарлар керек, ондай нәрсе жоқ бізде. Жаңбырдың кезінде мына жерде көл болады. Жүре алмаймыз көлікпен. Жартысына дейін келеді су. Дөңгелектері жарылып, жаңағы ходовка  осындай жолмен жүргеннен бұзылады. Жыл сайын жөндейміз», – деді Қосшы ауылының тұрғыны Ержан Әріпжанов.

Қосшылықтар бұл жолдың зардабын əсіресе күз бен көктемнің жаңбырлы күндерде тартатынын  айтады. Белшеден келетін судың салдарынан көрінбейтін шұңқырларға түсіп кетіп, көліктерін қиратып жатады. Ал оларды айналып өтпекші болып, қарсы бетке шыққандықтан, апаттық жағдайлар жиі туындайтын көрінеді.

Аудандық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің өкілдері аталған аумақ оларға биыл ғана өткенін айтады. Бірақ барлық олқылықтар жуырда ретке келтіріледі деп сендірді.

«Лесная поляна» тұрғын үй алабындағы жолдарды бізге тек биыл берді. Сондықтан қандай да бір жөндеу жүргізуге қаражат қарастырылмады. Ол жерде 2018 жылы жол төсеу жұмыстары жүргізілген. Алайда нысан әлі қолданысқа берілмеді. Сондықтан кепілдікті кезең басталмады. Мердігер биылғы қыркүйекте аталған жердегі мәселені шешуі керек», – деді Целиноград аудандық Жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Арман жұмағұлов.

Алайда «Лесная поляна» тұрғын үй алабындағы барлық жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары тек екі жылдан кейін жүргізіледі,- деп жеткізді құзырлы орган маманы. Ал түйткіл шешілгенше, ауыл тұрғындары қоғамдық көлікке міну үшін тасжолға дейін батпақ езуге мәжбүр. Себебі жаңбырлы күндері автобустар аталған тұрғын үй алабына қатынамайды.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров