Петропавлда биыл заңды бұзу арқылы берілген, тұрғындар өз еркімен иемденіп алған және ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде пайдаланылмаған 170 жер учаске анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Петропавл әкімі Руслан Аңбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде Петропавл қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қорытындылар мен перспективалық жоспарлары тақырыбында брифинг өткізді.
Әкім көтерген өзекті мәселелердің бірі – жер учаскелерін қайтаруға байланысты. Биыл мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс 170 учаске анықталған. Соның 74-і - заңды бұза отырып берілген, 35-ін - тұрғындар өз еркімен иемденіп алған және 61 жер учаскесі ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде пайдаланылмаған.
«173 бау-бақша серіктестігінде де учаскелерді пайдаланбау фактілері бар екенін атап өткім келеді. Мәселен, «Петропавл қаласының бағбандары» қоғамдық бірлестігінің мәліметі бойынша, қалада бау-бақша өсіруге арналған 47 мың жер учаскесі бар. Соның 17,9 мыңы қараусыз қалған. Ал қала тұрғындары арасында саяжайдан жер учаскелерін алғысы келетіндер саны жетіп артылады», - деді Руслан Аңбаев.
Тексеру қорытындысы бойынша биыл 122 учаске мемлекет меншігіне қайтарылды және тұрғындарға берілді. Соттың қарауында 12 материал жатыр, 404 учаске иесі жоқ жылжымайтын мүлік ретінде есепке қойылды. Ол жер бір жыл мерзім өткеннен кейін коммуналдық меншікке қайтару рәсімінен өтеді.
«Бұдан басқа, біз облыстың жер инспекциясымен бірлесіп саяжай учаскелерін мақсатсыз пайдалануға тексеру жүргізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай фактілер анықталған жағдайда, осы учаскелердің иелері әкімшілік жауапқа тартылады. Ал саяжай учаскесін алу үшін Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жүгіну қажет», - деді қала әкімі.
Руслан Аңбаев рұқсатсыз орнатылған гараждар мәселесін де көтерді. Олар инженерлік коммуникациялардың күзет-қорғау аймақтарында өз бетінше орнатылғандықтан арнайы ұйымдарға желілерді уақтылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге және авариялық жағдайларды жоюға кедергі келтіреді.
Биыл заңсыз қойылған 163 гараж басқа орынға көшірілді. Бұл жұмыс келер жылы да жалғаспақ.
Дерекөз: ҚазАқпарат.