Топжарған: Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров 70 жаста

Танымал спортшы жаһан жұртына елімізді танытып қана қоймай, талай қайырымды істерімен есте қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні. Тірі болғанында қазақтың даңқты ұлы, маңдайымызға біткен жарық жұлдызы 70 жасқа толар еді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Танымал спортшы жаһан жұртына елімізді танытып қана қоймай, талай қайырымды істерімен есте қалды. Жастарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеп, туып өскен ауыл-аймағын көркейтуге атсалысты. Талай қазақстандыққа әлеуметтік көмек көрсетіп, ілкімді істер атқарды. 

Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 10 жыл бойына грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасын басқарған Таңат Өмірзақұлы Жақсылықтың қазақ халқы үшін жасап кеткен жақсылығы ұшан теңіз дейді.  Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов сияқты ел мерейін асырған талай балуандарды тәрбиелеген бапкер есімі бүкіл қазақ даласына белгілі Жақсылық Үшкемпіровпен 50 жыл дос болған. Бір кілемде жаттығып, бір салмақта күрескен екен. Олимпиада чемпионы  жеткен жетістіктерінің куәсі болғанын айтады.

«Жақсылық туралы өткен шақта айту мен үшін өте қиын. Себебі біз соның алдында ғана Жақсылықпен Семейде өзінің жарысында болып, сол жерде бірақ сұхбаттастық. Сонда айтатын: Таңат ендігі жылы 70-ке келем. Тағы бір жарысымды ұйымдастырамын. Соны істеуді ойлап жүрмін деп айтушы еді. Енді, міне, бүгін Жақсылық 70-ке келіп тұр», – деді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Таңат Сағындықов.

«Жақаң адам талғамайтын. Ол малшы ма, не жас бала ма, кәрі ме, бәріне бірдей ізетін көрсететін. Спортты қойғанда, халыққа істеген жақсылығы өз алдына бір төбе», –  дейді Таңат Сағындықов. Расында, Жақсылық Үшкемпіров ауылшаруашылығы жағдайын жақсарту ісінде де үлкен жұмыстар жасады. Еңбегі бағаланып та келеді.

«Еңбек ерін берген уақытта Жақсылыққа елбасы балай деген еді: «Жақа мынау сенің жасаған еңбегің бағаланып жатыр. Олимпиада чемпионы болдың, бірақ қазір сен еңбектің чемпионысың деп, халықтың мүддесін ойлап жүрген азаматтардың бірісің  деп айтқан болатын», – деді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Таңат Сағындықов.

Қоғам қайраткері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшанов Жақсылық Үшкемпіровпен 95 жылдан бері таныс екенін тілге тиек етіп, сол уақыттан бері арларында аға-інілік қарым-қатынастың нығая түскенін айтады. Жаны жайсаң, қарапыйым тұлғаның ел есінде мәңгі қалатыны хақ дейді. Бүгінде өзі басқарып отырған білім ордасындағы грек-рим спорт залында өскелең ұрпаққа үлгі ретінде Олимпиада чемпионының суреті ілініп тұр.  

«Бәріміз үшін де Жақаң өте қымбат адам. Оның тек атағы ғана емес, оның үлкен азаматтық қасиеті өте қымбат. Өзі ініге аға бола білетін, ағаға іні бола қоятын азамат еді. Жақаңның өзі болмағанымен, аты өшпейді. Қонаев атамыз айтқандай, бір жапырақ баланың өзі осы елге үлкен бір із қалдырды деп айтуға болады. Соның бәрі осы жастарға өнеге болу керек», – деді Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов.

Жақсылық Үшкемпіровтің қазасы бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Жақындары әлі де бір 10 жыл өмір сүргенінде, халқық игілігі үшін талай істер атқарар еді деп, мұңаяды. Грек-рим палуанымен 40 жыл бойына жұп жазбай бірге жүрген досы Нұрмахан Қаратаев оның адами қасиеттеріне ерекше тоқталды.

«Жүрегінің жұмсақтығы, адамға деген адамгершілігі, халқына деген сүйіспеншілігі шексіз болды. Оны да қазақ шексіз сүйді, жақсы көрді. Мүмкін оның Олимпиада чемпионы болуына тек қана осы халықтың тілегі мен батасы шығар», – деді Ж.Үшкемпіровтың досы Нұрмахан Қаратаев.

Біртуар азамат Жақсылық Үшкемпіровтың есімі ел есінде мәңгі сақталады. Оның жасап кеткен жақсылығы еш уақытта ұмып болмайды. Ол халқының сүйікті ұлы болып жұрт жадында қала бермек.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы.  

Новости партнеров