Наурызбай ауданы тұрғындары аудан әкіміне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды

Наурызбай ауданы тұрғындары аудан әкіміне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды
Санжар Тоғай халыққа есеп берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурызбай ауданында 23 жер учаскесінің иесіне жалпы сомасы 31 миллион теңгеге салық салынып, 15 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыруда 45 меншік иесіне игерілмей  жатқан бос жер телімдері үшін шара қолданылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Әйтсе де, әлі де атқаратын мәселе көп. 2019 жылы Наурызбай ауданында 10 млрд. теңге игерілсе, биылғы жылдың басынан аудан дамуына 17 млрд. теңге бөлінді. Бес жыл ішінде салық түсімі 26 есеге артып, өнеркәсіп орындарынан 6 млрд. теңгенің өнімі шығарылыпты. Ауданға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылы 46 млрд. теңгеге дейін өскен. Экономикадағы оң серпінді қолдау мақсатында 740 млн. теңгеге 8 жоба іске асты. Одан бөлек, 3 тұрғын-үй кешенінде 2611 пәтер пайдалануға берілді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Наурызбай ауданында, басқа аудандармен салыстырғанда қылмыс аз тіркеліпті. Статистикаға жүгінсек, 2018 жылы 2404 заң бұзушылық орын алса, былтыр қылмыс деңгейі 15%-ға төмендеген. Аудандық полиция қызметкерлерімен 126 млн. тенгені құрайтын әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылды.

«Қауіпсіздікті нығайту мақсатында ауданымызда 12 қылмысты аймақ анықталды. Алматы қаласының әкімі Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлының тікелей тапсырмасымен, қылмыс ең көп жасалатын 4 аймаққа тәулік бойы жұмыс жасайтын 4 модульдік полиция бекеттері орнатылды. Қалған 8 аймаққа бейнебақылау камералары қойылып, жарықтандырылды. Адамдар көп жиналатын 12 бекетте және көшелерде 21 «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылды», - - деді Наурызбай ауданының әкімі  Санжар ТОҒАЙ.

Қазір аудан аумағында 3 мемлекеттік және 84 жеке меншік бала-бақша бар. 2014 жылмен салыстырғанда олардың саны 10 есеге өскен. Сонымен қатар, Шұғыла шағынауданында 320 орынға арналған жаңа заманауи мемлекеттік балабақша және 603 орынға арналған 18 жеке меншік балабақша ашылды.

«Ауданда 17 орта білім беретін мектеп бар. Олардың 4-і жаңадан салынған. Бір мектепке қосымша ғимарат салынды (157 мектепте) және 2 мектепке (187, 192) сейсмикалық күшейту бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, үстіміздегі жылы Қалқаман, Шұғыла шағынаудандарында 1200 орынға арналған жаңа 2 мектеп, №186, 187 мектептер аумағына жаңа 2 мемлекеттік бала бақшалар құрылысының жұмыстары басталады», - деді Наурызбай ауданының әкімі  Санжар ТОҒАЙ.

Десек те, былтыр ғана пайдалануға берілген «Шұғыла» ықшам ауданында мәселе шаш етектен. Тұрғындардың сөзінше пәтер иелері кооперативтері мен өзге де жауапты мамандар мүлдем жұмыс істемейді.

Пәтер иелері кооперативі өкілінің жауабына қанағаттанбаған аудан әкімі жиын соңында, Шұғылаға өзі барып қадағалауға аламын деді.

«Мен өзім барамын сізге. Қай пәтер қазір жазып аламыз. Өзім құрбарып приборлармен. Жауапты органдармен бірге көреміз», - деді Наурызбай ауданының әкімі  Санжар ТОҒАЙ.

Тұрғындардың пәтер иелері кооперативтерімен арадағы жанжалы мұнымен тоқтамады. Сұрақтың астына алып араша сұраған жұртқа аудан басшысы бұл мәселеге әкімдіктің араласа алмайтындығын жеткізді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы аудандарының ішінде Наурызбай әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жағынан жоғары бағаланып, қала рейтингі бойынша бірінші орынға ие болған. Әкім өз сөзінде тұрғындарды түіткілдерді жұмыла шешуге шақырып, сонда ғана биік нәтижеге жетуге болатынын жеткізді.  


Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы»  телеарнасы

Новости партнеров