Алматыда есірткі пайдаланатын жастар саны азаймай тұр. Бір ғана Наурызбай ауданында наркологиялық есепте 28 адам тұрса, маскүнемдік бойынша 178 тұлға тіркелген. Осының алдын алу мақсатында жергілікті мамандар түнгі рейдке шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мамандар өткен демалыста түнгі тексеріске шығып, мектептердің қасында орналасқан кәсіпкерлік нысандарды аралады. Себебі оқушыларға электронды шылым мен есірткіге ұқсас заттарды дүкендерде заңсыз саудалау жағдайлары жиілеген көрінеді.
«Сатушыларға келген негізгі мақсатымыз – алдын алу, ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Сатылған жағдайда мемлекет заңы бойынша айыппұл салынады. Бірінше кезекте тек қана ескерту шаралары жасалады. Екінші және үшінші рет қайталанса, тиісті шаралар жүргіземіз», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.
Одан бөлек, жасөспірімдер көп баратын компьютер орталықтары мен кафелерде де рейд жүргізілді. Соның нәтижесінде, кәмелеттік жасқа толмаған 6 бала анықталып, олардың ата-аналарына тиісті шара қолданылыпты. Ал түнгі 10-да 18-ге толмаған оқушылардың кіруіне рұқсат еткен мекеме әкімшісіне хаттама толтырылды.
«Біз жастардың денсаулығына қатысты мәселелерді ұдайы көтереміз. Аудан тұрғындарынан өтінерім, мұндай мәселелерге бей-жай қарамай, отбасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үнемі бақылауда ұстаңыздар», – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Ұлжан Лұқпанова.
Мамандар алдағы уақытта да рейд жұмыстарын күшейтпек ниетте. Ал мектеп оқушыларына арнайы мамандарды шақырып, дөңгелек үстелдер өткізуді жоспарлап отыр.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы