Таразда 70 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй құлауға шақ. Осыдан 7 жыл бұрын бой көтерген баспананың іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап кеткен. Жел тұрса, шатырымыз ұшып, жаңбыр жауса, төбеден су ағады деген тұрғындар арызын арқалап, талай рет әкімдіктің есігін қаққан. Алайда, жауаптылар бұл мәселемізді шешуге асығар емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, мемлекет тарапынан берілген жалдамалы үй, жөндеу жұмыстарына жыл сайын сұранып тұрады. Себебі шатыры бүтін болмағандықтан, аққан су төбеден төменгі қабатқа бірақ жетеді екен.
«7 жыл болды келгенімізге, 7 жылдан бері су ағып жатыр. Әкімдіктен де келді, барлық жақтан келіп жатыр, нәтиже жоқ. Екі бөлмелі үйден жыл сайын ағады. Кімге барамыз. Не жазамыз? Болмаса өзімізге аударып берсін үйді, біз өзіміз істетейік сол кезде. Қимылдайық, әйтпесе елдің бәрі арендасын төлеп отыр», – деді қала тұрғыны Сандуғаш Төленбекова.
Сапасыз салынған үй тіпті алғашқы дауылға да шыдай алмаған. Желдің әсерінен пәтердің балконы опырылып түсіп, үйдің қабырғасындағы қаптама ұшып кетті. Тұрғындар әкімдікке хат жолдап, наразылықтарын білдіргенімен, еш нәтиже жоқ.
«Үкімет тарапынан берілген үйге қуанып, осы пәтерді алған көпбалалы ата аналар бар. Былтыр басталған жөндеу бір жыл болды әлі келе жатыр. Жел тұрса, темір-терсек ұшып жатады», – деді қала тұрғыны Талғат Әлжекенов.
Ал, үйлердің кіреберісі шалшыққа айналған. Баспалдақтарында мұз қатқандықтан, жоғарғы қабатқа көтерілу қиындап отыр. Пәтер тұрғындары өз күштерімен олқылықтардың орнын толтыруға тырысқанымен, бұл күрделі жұмыс жақсы нәтижесін бермеді дейді. Сонымен қатар, қабырға қаптамасын бекітуге кіріскен мердігердің өзі де бұл істі тиянақты атқара алмапты.
«Өз міндетін дұрыс атқармаған мердігерді жауапсыз мердігерлер реестріне енгізу бойынша жұмыс жасаудамыз. Қазір істі сот қарап жатыр. Сот оларды өз ісін аяқтауға міндеттейді немесе біз келісімшартты бұзып, басқа кәсіпорынмен жұмыс істейтін боламыз. Ал, жобалық шешімде кеткен қатеге байланысты 36-үйдің төбесін толықтай қайта жасау керек. Биыл біз оны бюджетке енгізу бойынша негіздеме беріп көреміз. Егер жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе, үйдің шатыры жөнделеді», – деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ерәлиев.
Айта кетейік, үйдің сапасыз салынғанын тіпті әкімдіктегілер де мойындап отыр. Аталмыш мәселе бойынша тұрғындардың өтінімі қашан қаралары белгісіз. Олқылықтардың салдарынан орын алып жатқан бұл оқиға тұрғындарға күтуден басқа амалдың жоқтығын меңзейтін секілді.