Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімі өзінің Instagram парақшасында:
«Құрметті алматылықтар! Коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қауіптірек болды. Қауіпті жете түсінбеу – жауапсыздық және қылмыспен пара-пар. Өкініштісі сол, карантинге немқұрайлы қарап, шектеу шараларын сақтамай, халықтың өмірін қауіп-қатерге тіккен жандар азаймай тұр. Жұмысын жалғастырып жатқан спорт залдары мен мейрамханалар, санитарлық нормаларды сақтамаған азық-түлік дүкендері анықталды. Мамандардың сөзіне құлақ аспай, көшеде қыдырып жүрген тұрғындар да бар. Тәртіпке бағынбағандар үшін қатаң шара қолданылады», – деп жазады.
Сонымен
қатар, қала әкім Бақытжан Сағынтаев ертеңнен бастап қоғамдық көлік қозғалысының
кестесі де қысқартатын жеткізді.
«Бұл ретте төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету – жөніндегі қалалық жедел
штабтың өкілдері қосымша шектеу шараларын қарастыруда. Ертеңнен бастап қоғамдық көлік қозғалысының
кестесін сағат таңғы 6:00-ден кешкі 19:00-ге дейін қысқартамыз. Сондай-ақ,
штабтың шешімімен негізгі сауда нысандары мен қызмет көрсету нысандарының
жұмысы тоқтатылды. Бұл шешім тек дәріханалар мен медициналық ұйымдардың,
азық-түлік дүкендері, жанар-жағармай стансаларының жұмысына шектеу қоймайды», – деп жазады әкім.