Қазақстандықтар автосалоннан сатып алған көлігін «egov.kz» порталы арқылы тіркей алады

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл жайында «Электрондық үкімет» веб-порталы басқармасының жетекші маманы Олжас Қасымқанов мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгіннен бастап қазақстандықтар автосалоннан сатып алған көлігін «egov.kz» порталы арқылы, яғни онлайн тіркей алады. Жаңа қызмет түрінің іске қосылғанын «Электрондық үкімет» веб-порталы басқармасының жетекші маманы Олжас Қасымқанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ал төтенше жағдай мен карантин кезінде қазақстандықтар қандай онлайн-қызметтерді жиірек қолданып жатыр? Серверлік қуаттылық онлайн қызмет көрсетуге қауқарлы ма?

Төтенше жағдай мен карантин уақытында анасынан айырылған елордалық Асылтас Калтенова өлім туралы куәлікті қиындықпен рәсімдегенін айтады. Электрондық үкімет веб-порталы арқылы бір күнде көрсетілетін қызметті алу үшін бір айға жуық уақыты кетіпті.

«7 сәуір күні анам қайтыс болды. Бір апта бойы күні-түні  «egov.kz» порталына кіре алмадым. Тек 15-сәуірде өтінім қалдырдым. Бір күн қаралады делінді. Бірақ бір айға созылып кетті. Колл-орталыққа хабарласқанымда ондағы мамандар құжаттың рәсімделіп жатқанына өздері таңғалды. Себебі дәп осы қызмет түрі жұмыс істемейтін болып шықты. Осылайша құжатты бүгін ғана ала алдым. Оның өзінде де қате бар. Мәселен, орыс тіліндегі анықтамада «неке қию рәсіміне өтінім» деп жазылған. Еліміздегі басты платформа осылай жұмыс істейтіні өкінішті», – деді қала тұрғыны  Асылтас ҚАЛТЕНОВА.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар»  акционерлік қоғамы Ақпараттық жүйелерді пайдаланушыларды сүйемелдеу және қолдау департаментінің директоры Мадина Ақмағамбетова бұл жағдайды көп адам 42500 теңгеге өтінім қалдырғанмен байланыстырады. Бүгінге дейін 6 миллионға жуық адам осы қызмет түрін пайдаланыпты. Ал серверлік қуаттылық қолданушылардың мұндай санын көтере алмайтын болып шықты.  

«Иә, қиындықтар болды. Олар қызметті алам деушілердің көптеп кіруіне байланысты туындады. Себебі біздің серверлік қуаттылық осыншама көп адамға сай жасалмаған. Қазір жағдай тұрақталды. Уақтылы әрекет жасадық. Қуаттылықты арттырдық», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» ақ ақпараттық жүйелерді пайдаланушыларды сүйемелдеу және қолдау департаментінің директоры Мадина АҚМАҒАНБЕТОВА.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап ең көп сұранысқа ие болған қызмет түрі, шынымен де 42500 теңге жәрдемақыны алу болған екен. Бүгінге дейін электрондық үкімет арқылы төлем 5 миллион 793 мың адамға тағайындалған. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын нақтылау бойынша анықтаманы 235 мың қазақстандық алған. Жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы 153 мың сұраным, төтенше жағдай кезінде базалық зейнетақы төлемдер есебі туралы 127 мың, сотталу-сотталмағандығы 108 мың, 19 мың туу туралы куәлік алуға өтінім жасалған. Ал, бүгіннен бастап жаңа қызмет түрі іске қосылды. Бұдан былай қазақстандықтар автосалоннан сатып алған көліктерін онлайн тіркей алады.  

«Бұл қызмет бойынша автосалон, яғни сатушы сатып алушыға сұраным жібереді. Сатып алушы өзінің жеке кабинетінде сол сұранымды растайды. Яғни ол сатып алушы мен сатушының арасында шарт орындалады», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ «Электрондық үкімет» веб-порталы басқармасының жетекші маманы Олжас ҚАСЫМҚАНОВ.

Бүгінде қазақстандықтар электрондық үкімет порталы арқылы қызметтің 80 пайызы ала алады. Биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров