Абай Құнанбайұылының 175 жылдығына арналған халықаралық, республикалық, облыстық, қоғамдық маңызы бар 500-ден астам шара өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, әр өңірде ғылыми - танымдық, шығармашылық, мәдени бұқаралық шаралар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек ұлы ақын шығармалары 10 тілге аударылып 3 мың данамен басылады. Және ол әлемнің түкпір-түкпіріне таратылады. Одан бөлек, 3 қойылымдық деректі фильм түсіріледі. «Ұлы даланың ұлы ақыны» атты ақындар айтысы өтеді. «Тәуелсіздікке толғау - елім менің» республикалық шығармашылық байқауларын өткізу де жоспарланған.
«Абай бабамыздың «Жидебай-Бөрілі» жерінде тұрған үйі, қыстағы, Семей қаласындағы орталық музейі және Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтың туған үйіндегі музейінде музефикацияландыру жұмыстары жүргізіліп, оған реставрациялық жұмыстар және Абай атындағы орталық Семей қаласындағы музейге құрылыс жұмыстары да жүргізіледі. Көп жылдар бойы құрылыс жұмыстары жүргізілген жоқ», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса ДӘУЕШОВ.
Абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім көркем фильм түсіруде асығыстық жасамау керек дейді. Өйткені Абайды толық танып, білген жоқпыз деген пікірін білдірді.
«Біз қазір Абаймен бірге өсіп келе жатырмыз. Президентіміздің мақаласы осы туралы... Абайды түсіну біздің қоғамда әлі жеткілікті болмай жатыр. Сұрақтардың болып жатқаны да сол. Абайға тереңірек баруымыз керек, ойланайық, уақыт бар ғой, асықпайық. Қазір біздің драматургтер ойлансын, режиссерлер ойлансын, біздер ойланайық», - деді академик, қоғам қайраткері Ғарифолла ЕСІМ.