Пробациялық қызметте есепте тұрған адамдар енді тың технологияның көмегімен бақыланады. Биометрикалық сканер қалай жұмыс істейді? Алматыға алғаш орнатылған құрылғының ерекшелігін Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек айтып берсін.
Аты-жөнін айтпауды өтінген азамат Алмалы ауданының пробациялық қызметіне келіп есеп беріп жүргеніне 10 ай болыпты. Айтуынша, мына құрылғы орнатылғалы бері, уақыты біршама үнемделген.
Ақылды жабдық жергілікті әкімдік пен прокуратураның көмегімен орнатылыпты. Биометрикалық терминал адам қолының ізі мен түрін бірден анықтап, оны компьютерге енгізеді. Бұрын бұл жұмысты қызметкерлер істейтін. Енді оны осы құрылғы мойнына алды.
«Бұл аппарат алғаш болып бізде өткен аптада орнатылды. Сотталған адам айына екі рет келіп, осы жерге тіркеліп тұрады. Осылайша есепте тұрған адамдарды смарт техникамен бақылау мүмкіндігі туып отыр. Бұл бізідң жұмысқа оң әсерін тигізіп жатыр», – деді Алмалы ауданы пробациялық қызметінің басшысы Ақмарал Оразайқызы.
Алмалы ауданында 268 сотталуыш айына 2 рет келіп осында тіркеуден өтіп тұрады. Мұндай смарт құрылғы әзірге осы жерде ғана орнатылған. Мамандардың жұмысын оңтайландыратын құрылғы алдағы уақытта Алматының барлық ауданында пайда болуы әбден мүмкін.
Өмір Әнуарбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы