30-дан астам зиянкес түрі тіркелген: Алматыда жасыл қорды санитарлық қорғау шараларының алғашқы кезеңі  басталды

08.04.2026 21:16

Биыл дәрілеу төрт кезең бойынша ұйымдастырылады

Алматының жасыл қорына қауіп төндіретін зиянкестермен күрес күшейді, Кеше түнде санитарлық қорғау шараларының алғашқы кезеңі  басталды. Оның аясында екі миллионнан аса ағаш, бұталар мен өсімдіктерді дәрілеу жоспарланып отыр. Табиғатты қорғау мақсатында мегаполисте жасыл желектерге тұрақты түрде биологиялық өңдеу жүргізіледі, 

Алматыда жасыл желектің жайқалуына кесірін тигізетін 30-дан астам зиянкес түрі тіркелген. Қоршаған орта әсемдігін сақтау мақсатында санитарлық жұмыстар саябақтарда, көше бойлары мен аула аймақтарында жүргізіледі. Соңғы жылдары жасыл қордың зақымдану деңгейі 50-ден 30 пайызға дейін төмендепті. Сәуір-мамыр айларында өсімдіктерге едәуір залал келтіретін жәндіктер саны артады. Осыған байланысты санитарлық шаралар қаланың 8 ауданында бастау алды.

«Жасыл желекті түнде өңдеген тиімді. Бұл шаруа сағат 23:00-ден таңғы 05:30-ға дейін жүргізіледі. 4 кезеңнен тұрады. Ал қолданылатын биологиялық және химиялық қоспалар аллергия тудырмайды. Бұл жұмыс 2020 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және оң нәтиже көрсетуде», -  деді Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Дәулет Бақытжанов.

Мамандар экологиялық қауіпсіз препараттарға басымдық берілетінін алға тартты. Биыл биологиялық қоспалар үлесі 50 пайызға дейін жеткізілмек. Бұл қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, адамдар, құстар мен жануарлар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етпек.

«Зиянкестермен аурулардың ерекшелігіне байланысты өңдеу жұмыстары Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген қауіптілігі төмен сынапты сертификатталған биологиялық және кейбір жағдайларда химиялық препараттармен түнгі және таңертеңгі уақытта жүзеге асырылады», -  деді агроном Нұрсұлтан Сәрсенбаев

Қазір қолданылатын препараттардың 50 пайызы - биологиялық қоспалар. Бұған дейін олардың үлесі 20-30-40 процент аралығында болған, ал биыл біз оны 50 пайызға жеткізуді ұсынып отырмыз. Биологиялық құралдар біртіндеп әсер етеді», -  деді Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ бөлім меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев.

Айта кету керек, биыл дәрілеу төрт кезең бойынша ұйымдастырылады. 7 сәуірде басталған жұмыс 20 қыркүйекте аяқталмақ.

Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Енді иті адам қапса, иесі айыппұл арқалайды