Жұмбағы мол Жанкентке әсіресе шетелдік ғалымдардың қызығушылығы жоғары
Оғыздардың ордасы болған шаһар. Сыр өңіріндегі Жанкент қалашығының қазба жұмыстары 20 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында тарихи мекеннен 30 мыңға жуық жәдігер табылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аумағы 16 гектардан асатын көне шаһардың бүгінге дейін бір бөлігі ғана аршылған. Соның өзінде археологтар 30 мыңға жуық бұйым тауыпты. Жұмбағы мол Жанкентке әсіресе шетелдік ғалымдардың қызығушылығы жоғары. Соңғы жылдары қазбаға Германияның ғылыми жобаларды қолдау қоры қаржы бөліп келеді. Мың жылдық мұраның қоймасына баланған мекенге 250-ге жуық археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліпті.
«Соңғы зерттеулер солтүстіктен шыққан сауда жолдарының дәл осы қала арқылы өткенін сенімді түрде дәлелдейді. Сондықтан Жанкент тек сауда орны ғана емес, тауарларды Сырдария, Хорезм немесе Арал теңізі арқылы қайта үлестіретін маңызды логистикалық орталық болған. Шаһардың негізгі тарихи маңызы да осы сауда тоғысында жатыр. Дегенмен археологиялық қазбалар созылған сайын бұл тұжырымдарды өзгертетін жаңа деректердің де табылуы әбден мүмкін», – деді Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке (Германия)..
Ғалымдар соңғы қазба барысында құбыр мен құдық тауыпты. Археологтардың пайымдауынша, бұл көне кәріз жүйесіне арналған немесе жаңбыр суы жиналатын құдық болуы мүмкін. Далалық жұмыстар барысында қала тарихын тани түсу үшін түрлі тәсілдер қолданылып жатыр.
«Түрлі салада жұмыс жасайтын ғалымдармен бірлескен жұмыстар жүргізілді. Яғни, қазбалар барысында табылған жан-жануарлардың сүйектерін сол заманда тіршілік еткен жануарлардың пародасы, қандай жасқа келгенде,қандай әдіспен сойған, мал ауруларының қандай түрі дамыған деген секілді бағытта зерттеу жүргізетін ғалымдарды және топырақ танушы ғалымдарды шақырдық. Жанкент қалашығының толық аумағын электротомагарфия жасалды. Табагеометрия әдіспен түгел беті зерттеліп шықты. Осындай 4-5 ғылымның тоғысқан жері болды», – деді «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Сейдалы Біләлов.
«Жоғары экономика мектебінің студенттері экспедицияға қатысып жатқанына бесінші жыл болды, олар мұнда тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ еріктілер де келеді. Бұл – олар үшін бірегей тәжірибе. Бұл – қызықты олжалармен жұмыс істеуге мүмкіндік. Фотограмметрия, дронмен түсірілім сияқты ең жаңа әдістерді қолдануға болады және талдау үшін қызықты сынамалар алуға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық зерттеу университетінің өкілі Юлия Солод.
Құм астындағы құпияны зерттеп, тарихты тірілтуге бағытталған жоба жылдар өте жемісін бере бастады. Осыған орай облыс орталығында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда Жанкенттен табылған құнды жәдігерлер таныстырылды. «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» атты кітап-каталог жасалды. Жиында Ресей, Өзбекстан және Германия, Ұлыбританиядан келген мамандар мен отандық ғалымдар зерттеу барысында жинақталған ғылыми жұмыстар туралы ой бөлісті.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда Сәулет-қала құрылысы кеңесінің жаңа құрамы бекітілді