Алматыда Сәулет-қала құрылысы кеңесінің жаңа құрамы бекітілді

Оны жаңарту биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген Құрылыс кодексіне байланысты жүзеге асырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс 49-сессиясында Сәулет-қала құрылысы кеңесінің жаңа құрамы бекітілді, деп хабрлайды Almaty.tv.

Оны жаңарту биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген Құрылыс кодексіне байланысты жүзеге асырылды. Кеңестің жаңа құрамына сәулет, урбанистика, инженерлік құрылыс, көлік, экономика, экология, көгалдандыру, инклюзивті орта, жылжымайтын мүлік және девелопмент салаларының мамандары кірді. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың, мәслихат пен қалалық Қоғамдық кеңестің өкілдері бар. Жалпы оның құрамында 25 адам болады.

Сондай-ақ сессия барысында халық қалаулылары «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын да жаңартты. Қолданыстағы тәртіп 2011 жылы қабылданған. Құжатта үміткерлерге қойылатын талаптар мен оны беру тәртібі нақтыланды. Негізгі критерийлердің қатарында білім, ғылым, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, құрылыс, кәсіпкерлік, қоғамдық және қайырымдылық қызмет салалары бар. Сонымен қатар кандидаттың нақты еңбегін көрсетуге арналған бірыңғай наградтау парағы енгізіледі. Үміткерлерді Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия қарағаннан кейін атақ беру туралы соңғы шешімді қалалық Мәслихат қабылдайды.

Айта кетейік, бұдан былай «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы екі жылда бір рет 10 адамға дейін табысталады. Ал қаланың мерейтойлық даталарына орай әр бес жыл сайын қосымша бес азаматқа дейін атақ беру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Оқи отырыңыз: Электр жарығы, жер және абаттандыру: Алматы әкімі тұрғындардың өтінішін тыңдады