4 сағатқа созылған қорқыныш: ШҚО-да бүлдіршін жоғалып кетті

Polisia.kz.
Polisia.kz.

Бүлдіршінді үйінен 4 шақырым жердегі көлдің маңынан жедел уәкіл Медет Жансейітов тауып алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстан облысының мөлтек аудандарының бірінде әдеттегі күн бір отбасы үшін нағыз сынаққа айналды. 3 жастағы қыз бала үйден байқатпай шығып кеткен. Үлкендер бар-жоғы бірнеше минуттың ішінде баладан көз жазып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Басында ата-анасы өз беттерінше іздеген. Алайда әр минут ғасырдай болып, қорқынышты үдете түскен. Жарты сағаттық нәтижесіз іздеуден кейін олар "102" арнасына хабар берген. Полицейлер дереу сигналды қабылдап, шұғыл іс-қимылға кірісті. Кешіктірмей жеке құрам жасақтары жұмылдырылып, аулаларды, көшелер мен шеткері аймақтарды жаппай тексеру басталды. Тәртіп сақшылары әрбір ықтимал бағытты тексеріп, тұрғындардан сұрастырды және жақын маңдағы аулалардан бастап ашық жерлерге дейін мұқият қарап шықты.  

Іздеу жұмыстары шамамен 4,5 сағатқа созылды. Ақырында кішкентай қыз табылды. Бүлдіршінді үйінен 4 шақырым жердегі көлдің маңынан жедел уәкіл Медет Жансейітов тауып алды.
Полицейлердің жүйелі іздеу жұмыстарының арқасында кішкентай қыз аман-есен табылды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қыздың анасы толқынысын жасыра алмады. Ол полицейлерге жеделдігі мен қырағылығы үшін шын жүректен алғыс білдірді.

Бұл оқиға әрбір ата-анаға балаларға үнемі назар аудару қажеттігін тағы да еске салады. Кейде қас қағым сәттің өзі жағдай бақылаудан шығып кетуіне жеткілікті. Егер бала жоғалып кетсе — бір минут та жоғалтпай, бірден полицияға хабарласыңыз.

Дереккөз: Polisia.kz 

Новости партнеров