46 жалған диплом: дипломдар енді тек QR-код пен бірегей нөмір арқылы тексеріледі

Depositphotos
Depositphotos

Қазіргі таңда интернет кеңістігінде жалған дипломдар туралы түрлі ақпарат кеңінен таралып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі таңда интернет кеңістігінде жалған дипломдар туралы түрлі ақпарат кеңінен таралып жатыр. Құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрды.

Министрлік білім беру туралы құжаттардың өзіндік үлгісінің мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ жоғары оқу орындары түлектеріне арналған осындай құжаттардың серияларын бекітті.

"Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беру жолымен қалыптастырылады. Жүйеге қол жеткізу құқығы осы модульде тіркелген, ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана беріледі.

Дипломдарды генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.

Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады, — делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі және Ішкі істер министрлігі жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін тұрақты түрде бақылап, тоқтатып отырады. Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыруға әкеп соғады.

"Бүгінгі таңда 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар ІІМ мен МАМ-ға жолданды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар жоғары оқу орындары деректерді цифрландыру жұмысын жалғастырады, ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электрондық нұсқасы электрондық үкіметтің («Цифрлық құжаттар») мобильді қосымшасында да қолжетімді.

Оқи отырыңыз: Оралда түрмеге тыйым салынған зат кіргізбек болғандар ұсталды

 

Новости партнеров