Ауқымды шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы туризмді дамыту
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының халқы елге өнеге, ұлтқа үлгі болар игі іспен тарихқа енді. Қайырымдылық мақсатта ұйымдастырылған шарада бір емес, екі бірдей рекорд тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңаарқа шапаны – Гиннестен бір-ақ шықты! Жаңаарқалық тігіншілердің қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімі енді рекордтар кітабында. Бұл – өңірдің жұртты таңғалдырған үшінші жетістігі.
«Жаңаарқа ауданы рекордтар кітабына осымен 3-рет енді. Ауылдың тумасы ультрамарафонда жүгіріп, екінші рет, ал бүгін үшінші рет тіркелді», – деді Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков
Ерекше жобаның сәтті жүзеге асуына өңірдің 17 тігіншісі атсалысты.
Әр шебер орта есеппен 33 шапаннан тігіп, жалпы саны 500 ұлттық шапан дайындалды. Шапандардың әрқайсысы өңірдің тарихи, мәдени ерекшеліктерін бейнелейтін, ою-өрнегі мен пішіні жағынан бірегей үлгіде тігілген.
«40 шапанды төрт күнде тігіп бітірдік. Өте қызықты болды. Бізде екінің бірі – тігінші. Жаңаарқаның бренд шапаны – осы», – деді тігінші жансая Сарсенбаева.
Ауқымды шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы туризмді дамыту. Жобаға арнайы келген түркиялық меймандар қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті болып, тігіншілер тіккен бірегей шапандарға ие болды.
«Шапандарды Түркияға алып кетіп, сол жақта көрсетуге кеңес береміз.
Ұлттық тағамдардан етті ұнаттық. Барлығы тамаша. Түркиядан Измир қаласынан келіп отырмыз. Бұл жаққа қайтадан келгіміз келеді», – деді турист Незире Өз.
Ел қуанышын еселей түскен тағы бір жайт, Жаңаарқаның қайырымды азаматтары 22 жылқыны құрбандыққа шалып, 3 тоннаға жуық ет үлестірді. Бір мезетте ұсынылған 500 табақ бір асым ет – Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қайырымдылық көмегі өңірдегі қарттарға, балалар мен аналар үйіне, әлеуметтік орталықтар мен аз қамтылған 300 отбасыға жеткізілді. Сонымен қатар шара аясында аударыспақ, садақ ату сияқты дәстүрлі спорт түрлерінен жарыс өтті.
Алтынгүл Төлегенова, Виталий Обрежа, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Коммуналдық қызмет тарифтері жыл соңына дейін өспейді - Олжас Бектенов