Әкімдіктегілер жер әу баста-ақ заңсыз берілгенін айтты
Атырауда 6 гектар аумақты 68 бөлікке бөліп, сатқандар сотталды. Ал заңсыз учаскелерді алған ондаған азамат «миллиондаған қаржыны кім қайтарады?» деп қапалы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бар жерімізден бір күнде айырылып, жер сипап қалдық» деген тұрғындар облыстық сот алдында шу шығарды. Олардың айтуынша, 2022 жылы жұрт Атырау ықшамауданынан аумақ алған. Әу баста жарнамасына қызығып, әрқайсысы 7-10 миллион теңге аралығында ақша құйған. Үй салып, көшіп келеміз деп отырғанда жердің заңсыз берілгенін білген.
«Жерді 7-10 миллион теңгеге сатып алдық. Әкімдіктегі, ХҚКО қызметкерлері қателік жібірген, қарапайым халық оған кінәлі емес. Жерді өз атымызға аударуды сұраймыз», – деді қала тұрғыны Анаргүл Бисенова.
«2022 жылы сатып алып, сол жерге ақшамды салып, үй тұрғыздым. Енді қайтарыңдар деп жатыр. Қалайша заңсыз болады? Бұл мәселеге ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Мүлкімізді қайтарсын», – деді қала тұрғыны Анатолий Сизонов.
Ал әкімдіктегілер жер әу баста-ақ заңсыз берілгенін айтты. Тіпті тұрғындарға ескертілген көрінеді. Жергілікті биліктің айтуынша, көпшілік мән бермеген. Енді олар қайтарылған аумаққа бизнес нысанын салмақ.
«О баста тұрғындарға жердің заңсыз сатылғаны туралы айтылған. Сот арқылы шешіледі. Ал ақшаны кімге берді, содан алады. Аталған аумақ о баста коммерциялық мүдде үшін берілген. Жобаға сәйкес жұмыс жүргізіледі», – деді Жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Жан Досқалиев.
Құзырлы орган өкілдері сот шешімімен 3 азаматтың жауапкершілік арқалағанын жеткізді. 6,8 гектар жерді 68-ге бөліп, сатқан олар бірнеше жылға сотталңан. Бүгінде аталған 68 учаскенің 44-і мемлекетке қайтарылған. Ал қалған аумақтардың тағдыры белгілсіз.
«Атырау қаласының прокуратурасының аппеляциялық өтініш хаты қанағаттандырылып, 23 жер телімі де мемлекет қорына қайтару жөнінде қаулы шықты. Халыққа регрестік тәртіппен сотталған тұлғалардан шығынды өндіру құқығы бар екенін және әкімдікпен бірлесіп, өзге де шешу жолдарын қарастырылатынын айтқым келеді», – деді қала прокурорының орынбасары Ерлан Какиев.
Шақшадай басы шарадай болған тұрғындар жер дауына қатысты мәселені сотта шешеді.
Аяулым Көлжігіт, Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Өлім аузында жатыр: 30 мың теңге қарызын сұраған азаматты досы соққыға жыққан