Абай облысында 464 сайлау учаскесі жұмыс істеді, соның 127-сі Семей қаласында орналасқан
Семейде сайлау күні ерекше көріністермен есте қалды. Бір учаскеде есімі ұлы тұлғалармен үндес үш тұрғын таңдауын жасаса, енді бірінде 1980 жылдардың сәні мен ретро көліктер көпшіліктің көзайымына айналды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Абай облысында 464 сайлау учаскесі жұмыс істеді, соның 127-сі Семей қаласында орналасқан.
№ 65 сайлау учаскесінде мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Олардың қатарында Абай, Мұхтар және Шәкәрім есімді азаматтар да бар. Үшеуі де учаскеге келіп, өз таңдауын жасады.¤
«Абай облысында Абай, Мұхтар, Шәкәрім болып ерекшеленіп дауыс беріп жатырмыз. Алғашқылардың бірі болып дауыс беріп жатырмыз. Өз таңдауымызды жасап жатырмыз», – деді қала тұрғыны Абай Нұржанұлы.
«Қазақстанның болашағынан жарқын болашақ күтеміз. Келер ұрпақтың жолы ашық болса екен деп тілейміз», – деді қала тұрғыны Мұхтар Мәдениетұлы.
Ал қалалық жастар сарайының алдында ретро көліктер мен өткен жылдар стиліндегі киім киген қыздар өткен кезеңнің сәнін көрсетті. «80-жылдардың ырғағындағы дауыс беру» перформансы да жұрт назарынан тыс қалмады.
«Бұл стиль әр адамға, Семей тұрғындарына халқына, ерекше көңіл-күй әсер сыйлайды. Құрылтай – ел үшін, елдің мүддесі үшін маңызды күн. Сайлауға келіп дауыс бердік», – деді қала тұрғыны Еркежан Сағимоллаева.
Мұндай іс-шаралар сайлау процесіне өзіндік ерекшелік беріп қана қоймай, тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыруға, ел болашағына бейжай қарамауға үндейді.
Динара Ерболқызы, Семейден