96 адам жәбірленуші деп танылды: Алматыда балалар продюсеріне қатысты істің алғашқы отырысы өтті

Тергеу дерегінше, айыпталушы Лариса Жұмаеваға аса ірі көлемде, бірнеше рет жасалған алаяқтық бабы бойынша кінә тағылып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балаларын шетелдік өнер байқауына жібереміз деп, қомақты қаржыдан қағылған ата-аналардың шағымынан кейін даулы іс сотта қарала бастады. 96 адам жәбірленуші деп танылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бостандық ауданының қылмыстық сотында танымал балалар продюсеріне қатысты істің алғашқы отырысы өтті. Тергеу дерегінше, айыпталушы Лариса Жұмаеваға аса ірі көлемде, бірнеше рет жасалған алаяқтық бабы бойынша кінә тағылып отыр. Айыптау актісін оқыған прокурор 96 жәбірленушінің тізімін толық жария етті. Олардың әрқайсысы балаларын шетелдік байқауға қатыстыру үшін орталыққа 200 мыңнан миллион теңгеге дейін тапсырған.

«Ақшалай қаражаттан қысылған, тапшылық көрген Жұмаеваны бөтен мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуге бағытталған қылмыстық белгілер пайда болған. «Мен жұлдыз болам» деген атаумен тіркелген 7570 оқырманы бар парақшасындағы жарнама Алматы қаласы бойынша 5-15 жас аралығындағы үйірме, қосымша сабақ және т.б білім беру орталықтарын көріп, ата-аналарға ақпараттарды жеткізіп отырған», – деді прокурор Айнұр Күнтуқызы.

Айта кетейік, сот процесіне келген ата-аналар шын мәнінде зардап шеккендер саны 600-ге жуық екенін айтты. Бірқатары сот залына кіре алмай, ресми тізімге қосуды талап етіпті.

«Жетекші болсам, менің артымда 53 адам тұр. Олардың әрқайсынан «1+1 акциясы» деп 200 мың теңге ақша қабылдады. Алғашқы сот отырысы өтіп жатыр, бірақ мен шақыртылған жоқпын. Тізімнің ішінде жоқпын демек менің арызым жоқ па, қабылданбаған ба? Әлде қосымша шақыртыла ма?  Қаншама бала үлпілдетіп дайындап әкелдік те алдандық. Қазір балалар конкурсқа барайық десең «Ағай алдап кетпей ме?» деп қорқатыд», – деді  талғар қаласының тұрғыны Айбар Сартбаев

Айыпталушы сотта сөз алып, тағылған айыппен ішінара келісетінін айтты. Қазір ол үй қамақта. Қорғаушы тарап бұл жағдайды қылмыстық сипаттан гөрі азаматтық-құқықтық дауға жатқызу керек деген ұстаным білдірді. Адвокаттың сөзінше, Жұмаева балалардың шетелге бара алмауын Түркиядағы ішкі жағдайлармен және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты рұқсат мәселелерімен түсіндіреді.

«Ақшаларды алғанын мойындап отыр, бірақ белгілі себептермен ана балаларды апара алмай қалды. 2018 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр, барып келген балалар бар. Қазір үй қамақта отыр. Үйден шығуға болмайды. Қалай ол ақша табады? Маған жәбірленушілер де хабарласқан болатын, қашып отырған жоқпыз, мен жәбірленушілерге түсіндіріп айтам, «сендер полицияны шақыртып, істі қозғатып қаматып тастадыңдар, енді ол бұл қаражатты қалай қайтарады деп ойлап отырсыңдар?». Егер жұмысын жалғастыра берген жағдайда, ақша түсіп тұрса, әрине ол қайтаратын еді», – деді айыпталушының қорғаушысы Бағдагүл Әжіғалиева

Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы 2018 жылдан бері Алматы және Алматы облысында тұратын балаларды түрлі халықаралық шығармашылық байқауларға қатыстырумен айналысқан. Әлеуметтік желіде бірнеше жобасы белсенді жарнамаланған.

Еске салайық, бұған дейін ақшасын қайтара алмаған ата-аналар продюсерлік орталыққа баса көктеп кіріп, құйылған қаржыны қайтаруды талап еткен. Қазір сот тергеуі жалғасуда. Прокурордың пайымынша, келесі отырыстарда жәбірленушілердің саны нақтыланып, тізімге өзгеріс енуі әбден мүмкін.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Талап күшейтіледі: елімізде автокөлік жуу бекеттері суды үнемдеуі тиіс

Новости партнеров