Аялдаманы алып тастады: Қостанайда саяжай тұрғындары ұзақ жол жүруге мәжбүр

Көпшіліктің айтуынша, жұрттың пікірі мүлде еленбеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайдағы Садовод-Строитель саяжайының тұрғындары қиын жағдайға тап болып отыр. Аймақта көпшілік үшін ыңғайлы болған аялдама сүрілген. Сол себепті балалар лай-батпақ кешіп, үйілген қардың үстімен ұзақ жол жүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Садовод-Строитель саяжайы Қостанай қаласының шығаберісінде, көлік қарқыны қатты тасжол маңайында орналасқан. Бұрынырақта бұл жерде тұрғындар бірнеше жыл бойы арпалысып қойдырған ыңғайлы аялдама тұрған еді. Және ол небәрі 9 ай бұрын пайда болған. Бірақ жұрттың қуанышы көпке созылмады. Себебі, жол бойындағы аялдамаларды шыныдан жасалғандарына айырбастамақ болғандар көпшілік жиылатын орын санын қысқартып тастаған.  

«Аялдаманың арасы талапқа сай 800 метр болуы керек» деп алып тастады.  Қалада, 800 метр жүріп өтеміз, балалар да алаңсыз қозғалады. Ал бұл ашық жер ғой, ешқандай қоршау жоқ. Бұрынғы аялдамамыз жақсы еді, жел мен бораннан қалқалайтын. Қазір ондай мүмкіндік жоқ», – деді саяжай тұрғыны Анастасия Мещерякова.

«Техника жолды тазартқанда, қардың бәрін осы жерге үйеді. Сонда балалар қалай жүреді?  Жаяужол да жоқ. Ертең боран басталса, кішкентайлар қиналады емес пе? Оның үстіне мұнда көпбалалы отбасылар аз емес», – деді  саяжай тұрғыны Әлия Жакиенова.

Қазір жүргізушілер бұрынғы аялдаманың маңайына тоқтап жүр. Бірақ бәрі бірдей түсіністік танытпайды. Сол себепті жолаушылар мәселе тезірек шешілуін қалайды. Дегенмен, әзірге олардың өтініші жауапсыз қалып отыр.

«Саяжай жақта аялдамалар талапқа сай орнатылды. Аралығы 400-ден 800 метрге дейін барады. Бірақ біз көпшіліктің бұл аумаққа күз бен көктем айларында бау-бақша ісімен айналысу үшін келетінін ескеруіміз керек. Иә, кейбірінің тұрақты мекен-жайы осы маңайда. Сондықтан аялдамаларды үйлерге жақын орналастыруға тырыстық», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Көпшілік бұл оймен келіспейді. Олардың айтуынша, жұрттың пікірі мүлде еленбеген. Ал түсірілім тобы айналадағы жағдайды таспаға тартып тұрған сәтте, жүйткіген көліктер бірнеше рет тұрғындардың үстін былғап өтті. Міне, осыған қарап-ақ балалардың мектепке қандай күйде жететінін елестете беріңіз.

Рүстем Айткәрім, Елисея Томашевская, Қостанай

Оқи отырыңыз: Тіс емдеуге барып, көз жұмды: Астанада 3 жастағы қыздың өліміне қатысты клиника жұмысын тоқтатпаған

Новости партнеров