Абай алдында: Астанада музыкалық-поэтикалық кеш өтті

Абайдың өлеңі мен әні кезек орындалып, көрерменге тұтас бір сахналық композиция ретінде ұсынылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада хакім Абайдың 180 жылдығына арналған музыкалық-поэтикалық кеш өтті. Іс-шараны Астана әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының қалалық филиалы ұйымдастырған. Кеш барысында «Қорқыт» этнофольклорлық ансамблі, академиялық хор өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абайдың 180 жылдығына арналған кеш өзгеше форматта өтті. Сюиталық қойылым түрінде ұйымдастырылған іс-шарада Абайдың өлеңі мен әні кезек орындалып, көрерменге тұтас бір сахналық композиция ретінде ұсынылды. Ақынның өміріндегі күрделі кезеңдерде жазылған терең ойлы туындылары екі актердің диалогы арқылы жеткізілді. Қойылым барысында хор ұжымы да үн қосып, Абайдың сөздерін қайталап отырды. Әрбір сахналық көрініс көрерменге ерекше әсер қалдырды.

«Биыл хәкім Абайдың 180 жылдығы күллі республика аумағында аталып өтіп жатыр. Абай – темір қазығымыз. Абайға жиі-жиі оралып тұруымыз керек, жиі оқуымыз керек. Абайға жиі оралған сайын ұлт та есейе түседі деп ойлаймын. Астана қаласында «Абай алдында» деп аталатын қойылым көрерменге ұсынылды», – деді Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, музыкалық-поэтикалық кештің «Абай алдында» деп аталуы да бекер емес. Мұнда ақынға деген ілтипат қана емес, рухани жауапкершілік, ой мен ар алдында есеп беру ұғымы жатыр.

«Биыл еліміздегі ең оқиғалардың  бірі – атаулы сәт, айтулы күн деуге болады, ұлы Абайдың 180 жылдығы. Бұл – жыл бойы үзілмей атала беретін үрдіс. Астана қаласы да үн қосып жатыр. Сол бүгінгі өтетін кеш «Абай алдында» деп аталады. Неге «Абай алдында» өйткені бүгінгі жер басып жүрген ұрпақ Абай алдындағы, Абай рухы алдындағы өзіміздің бір есеп беруіміз тәрізді, өз сөзімізді айтып жатырмыз. Яғни өз түсінігімізде, өз таным пайымымдың деңгейіндегі Абай рухына деген құрметіміз», – деді жоба жетекшісі Базарбек Атығаев.

Іс-шара барысында мазмұн жаңа тәсілмен үйлесім тапты. Абайға арналған кеш көрерменді терең толғанысқа жетелегені сөзсіз.

Мәди Бижан, Данияр Омар,  Астана

Оқи отырыңыз: 

 

Новости партнеров