«Абай академиясы» ақын мұрасын заманауи форматта насихаттау үшін 50-ге жуық видео әзірледі

Видеоларда Абайдың адамдық, білім, еңбек, жақсы және жаман мінез туралы ойлары қамтылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Абай академиясы» ақын мұрасын халық арасында заманауи форматта насихаттау үшін 50-ге тарта қысқа бейнематериал әзірлеген. Бұл туралы институттың ғылыми хатшысы Айман Ақтанова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, 2-3 минуттық видеоларда Абайдың адамдық, білім, еңбек, жақсы және жаман мінез туралы ойлары қамтылған. Осылайша ақынның шығармашылығы тек ғылыми еңбектермен ғана шектелмей, көпшілікке түсінікті әрі қолжетімді форматта ұсынылады. Қысқа контент әлеуметтік желіде жарияланады. Бұдан бөлек, маман жасанды жады арқылы жасалған хакім туралы видеолардың да көбейгенін айтты. Алайда мұндай материалдарда қателер жиі кездеседі екен.

«Елімізде жасанды интеллектінің мүмкіндігін өте жақсы пайдаланып, әлеуметтік желілерде қысқаша Абайды сөйлетіп қойған немесе Абайдың сөзін айтқызып қойған видеолар шығып жатыр. Бірақ кейбіреуінде өкінішке қарай, жасанды интеллект әлі  тілімізде нақты сөйлеп кетті деп айта алмаймын. Себебі онда қателер кездеседі. Сақ болуымыз керек», – деді «Абай академиясы» ҒЗИ ғылыми хатшысы Айман Ақтанова.

Ғалымдар Абайдың қолжазбалары студенттердің білім алуына кең мүмкіндік беріп отыр дейді. Бүгінде Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында ақынның қолжазбаларының көшірмелері сақталған. Қорда 60-қа жуық жинақ бар. Ал Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті абайтануға байланысты 40 томға жуық зерттеу жариялаған. Абай академиясы болса, бұл бағытта 100-ге тарта тың еңбек ұсынған. Одан бөлек, ұлы ақынды зерттеуге қызығушылық танытқан жастарды қолдауға бағытталған жобалар да бар. Соның бірі – Абайтану оқулары.

«Оның жеңімпаздарына арнайы грант бөлінеді. Филология факультеттерінде оқуға мүмкіндік алады. Сондай бірқатар Абайтану оқуларының үздік жеңімпаздары оқиды. Олардың алғашқы Абайтану оқуларының лауреаттары, тіпті университетте тек бакалавр ғана емес, тіпті докторлық диссертация қорғап, арамызда әріптес болып, қосылып жатыр», – деді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жанбота Кәріпбаев.

Оқи отырыңыз: Абайдың тұңғыш жинағы қалай жарық көрді: Алматыда «Алғашқы кітап» фильмі көпшілікке ұсынылды