Абай атындағы опера және балет театры «Абай» операсымен қорытындылады

1944 жылы алғаш рет сахналанған «Абай» операсы бұл жолы жаңаша көркемдік шешіммен көрерменге қайта жол тартты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Абай атындағы опера және балет театры 92-маусымын айшықты премьерамен қорытындылады. Көрермен назарына жаңартылған «Абай» операсы ұсынылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сексен жылдан астам уақыт бойы қазақ опера өнерінің алтын қорынан түспеген жауһар туынды бұл жолы түпнұсқа мәтіні сақталып, заманауи театрлық шешімдермен қайта сахналанды. Ұлы ақынның өмірі, ағартушылық жолы мен адамгершілік қағидаларын арқау еткен қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлады.

1944 жылы алғаш рет сахналанған «Абай» операсы бұл жолы жаңаша көркемдік шешіммен көрерменге қайта жол тартты. Қоюшы режиссер Фархад Молдағали әйгілі шығарманың түпнұсқа мәтіні мен идеялық өзегін сақтай отырып, оны заманауи театр тілімен қайта ұсынған. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди қаламынан туған операда ұлттық болмыс пен классикалық музыка үйлесім тапқан. Ал ұлы ойшылдың партиясын Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев орындады.

«Басты рөлге бірден келдік деп айта алмаймын. Жаңартылған «Абай» операсы үш актіден тұрады. Музыкалық жетекшісі – дирижер Қуаныш Исмаилов. Қойылымның негізгі желісі Ажар мен Айдардың махаббаты арқылы өрбіп, сол арқылы ұлы ойшылдың ағартушылық идеясы, әділдік пен адамгершілікке негізделген ұстанымы көркем бейнеленген», – деді қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев.

«92- маусым мен үшін өте жемісті болды. Осы жылы мен Хамит Жанғалиевтің «Хан Сұлтан» операсын сомдадым. Мен үшін өте қиын опера болды. Көптеген гастроль, концерттер өте көп болды. Осы жақында опера түні болды. Сол жерде де қатыстым. Енді бүгін театрымыздың жабылуы маусымның соған Абай операсындағы Ажардың рөлін сомдаймын. Мен үшін үлкен мәртебе», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Аяжан Қуанышәлиева.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 92-театр маусымын жарқын премьералармен қорытындылады. Маусымның соңғы күндері ашық аспан астында «Опера түні» ұйымдастырылып, көрерменге «Ұлы Жібек жолы» балеті ұсынылды. Ал маусымның жабылуында «Абай» операсы сахналанды.

Мәди Мәлік. Ернат Болатбек