Қастеев музейіндегі АҚШ тарихы: Алматыда бірегей цифрлық көрме ашылды

Экспозиция төріне АҚШ Тәуелсіздік декларациясына қол қойған қайраткерлердің портреттері мен тарихи гравюраларды қамтитын 83 бірегей туынды қойылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда халықаралық көрме ашылды. Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде өткен мәдени іс-шараны АҚШ-тың Бас консулдығы ұйымдастырған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Америка мемлекетінің қалыптасу тарихы мен қос ел арасындағы көпжылдық дипломатиялық байланысты айшықтайтын бірегей жоба бір мезгілде екі маңызды тарихи белесті арқау еткен. Салтанатты іс-шара Америка Құрама Штаттары тәуелсіздігінің 250 жылдығы және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Басқосудың ресми ашылуында сөз алған АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркін бұл көрме мемлекеттер арасындағы мәдениет, білім және қоғамдық дипломатия саласындағы көпжылдық сындарлы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.

«Бұл көрмеде 80-нен астам графикалық және кескіндемелік туындылардың цифрлық көшірмелері қойылды. Себебі ол туындылардың жаңағы көнелілігі және оның маңыздылығы көлемін ескере келе осындай шешім болды. Бұл көрменің басты ұйымдастырушысы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі. Көрме 9 шілдге дейін жалғасады», – деді Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі директорының орынбасары Мөлдір Бигелдиева.¤

Экспозиция төріне АҚШ Тәуелсіздік декларациясына қол қойған қайраткерлердің портреттері мен тарихи гравюраларды қамтитын 83 бірегей туынды қойылған. Көрменің басты ерекшелігі – әрбір жұмысқа арнайы QR-кодтар бекітілген, бұл заманауи интерактивті бейнематериалдар арқылы өткен дәуірдің тынысын тереңірек сезінуге жол ашады. Ал іс-шараның ажарын АҚШ-тың Аризона штатынан арнайы келген Ұлттық гвардия оркестрі кіргізіп, жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Халықаралық байланыстарды нығайтатын бұл бірегей көрме Әбілхан Қастеев атындағы өнер ордасында шілденің 9-ына дейін жалғасады.

«Біз бұл жоба үшін Қазақстанның үш бірдей әніне арнайы өңдеу жасадық. Меніңше, бұл сіздердің заманауи поп-музыкаларыңыз сияқты. Атауларын дұрыс айта алсам: «Қатты, қатты сағындым», «Тау ішінде» және «Күйім» әндері. Бүгін сіздер үшін осы үш туындыны орындаймыз, көрермен бірден танып, жылы қабылдайды деген үміттемін. Музыка – өзара байланыстың ең керемет үлгісі. Ол екі түрлі мәдениет пен ұлттық болмысты бір-бірімен жақындастырып, ортақ тіл табыстыратын бірегей күшке ие», – деді саксофонист Трэвис Мейерс.

Оқи отырыңыз: Абай атындағы опера және балет театры «Абай» операсымен қорытындылады