Абай атындағы театрда премьера: «Ұлы Жібек жолы» атты екі бөлімді балет қойылды

Жаңа қойылым Ұлы Жібек жолының тарихи мәнін өзге қырынан зерделейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында премьера. Сахнада алғаш рет көпшілік асыға күткен «Ұлы Жібек жолы» атты екі бөлімді балет қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа қойылым Ұлы Жібек жолының тарихи мәнін өзге қырынан зерделейді. Сюжет заманауи цифрлық кеңістікте өмір сүретін жас жігіттің ішкі жан дүниесінен басталып, көрерменді бір сәтте ежелгі өркениеттер кезеңіне жетелейді. Сахнада керуен көштері, шығыс базарының тіршілігі, түрлі халықтардың мәдениеті көркем түрде өрнектеледі.

«Ұлы Жібек жолы кезеңіне болашақтан қарап, өзгеше қырынан ашуға тырыстық. Кейіпкеріміз өткенге оралып, сонда бірнеше оқиғаны өткереді. Біз өткен мен бүгіннің байланысын, тарихи құндылықтардың маңызын би тілімен жеткізуге тырыстық. Сондай-ақ адамзаттың жан дүниесін көрсеткіміз келді», – деді ҚР Халық әртісі, балетмейстер Гүлжан Түткібаева.

Қойылым композиторы Әйгерім Еркебаева әр көрініске тән бояуы бар симфониялық әуендер даярлаған. Ал сахналық сценография, жарық пен костюмдер көрерменді ежелгі дәуір атмосферасына енгізіп, қойылымның эмоциялық қуатын арттырды.

«Бұл – ауқымды алғашқы жобам. Маған нақты тапсырма беріліп, сол арқылы жұмыс істедім. Бұл – махаббат, адамның ішкі жан дүниесі туралы балет. Сондықтан адамдығымызды ұмытпай, бір-бірімізге жылулық сыйлай алатынымызды музыка арқылы жеткізгім келді», – деді қойылым композиторы Әйгерім Еркебаева.

«Бұл жаңа қойылымға екі апта төңірегінде дайындалдық. Маған өте ұнағаны композитордың қалыптасқан тілі, жазу дәстүрі бар. Сол образды, сол нақышты өз колоритімен жеткізу мақсатында біраз жұмыс істедік», – деді балеттің қоюшы дирижері Қуаныш Исмаилов.

Көрерменнің пікірінше, жаңа қойылым көпшілікті тарихи-мәдени саяхатқа жетелеп қана қоймай, адамның сезімі, рухани оянуы туралы терең ой салған.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Мейрам Исабеков

 

Новости партнеров