Абай әлемі: Алматыда «SUMMER FEST» аясында ұлы ақынға арналған ауқымды музыкалық кеш өтті

Кеш соңында 20 мың адам Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қосылып шырқады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кезекті «SUMMER FEST» музыкалық концерті Абайға арналды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен сенбіде ұйымдастырылған кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Бұл жолы алматылықтар қазақтың бас ақыны Абайдың әндерін шырқап, музыкалық-поэтикалық қойылымын тамашалады. Сахна төрінде эстрада жұлдыздары Мақпал Жүнісова, Жанар Дұғалова, Асхат Тарғын, Нұрлан Бердібаев, Серік Исахан, Біржан Демеуұлы сынды әншілер өнер көрсетті.

«SUMMER FEST фестивалі де Абай әлеміне арналады. Онда ақын әндері шырқалады, өлеңдері оқылады. Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастағанда білінеді» деген жақсы сөзі бар. Абай күнін Алматы қаласында ерекше атап өтсек деген ниетіміз бар», – деді Абайға арналған «Summer Fest» жобасының сценарисі Базарбек Атығай.¤

      Концертке қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Көрермендер үшін бұл фестиваль өнер мен руханиятты тоғыстырған ерекше іс-шараға айналды. Музыкалық концерт барысында жастар Абай өмірінен қойылған сауалдарға жауап берді. Кеш соңында 20 мың адам Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қосылып шырқады.

«Фильмнен кейін, Абайдың әндері шырқалды. Сондай бір керемет атмосферада кеш өтіп жатыр. Эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, бір көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын, рухани жағынан да, көңіл-күй жағынан да – бәрі тамаша өтті. Ұйымдастырушыларға, рахмет айтамыз», – деді қала тұрғыны Әбдірахман Қайрат.

 Оқи отырыңыз: Абайдың тұңғыш жинағы қалай жарық көрді: Алматыда «Алғашқы кітап» фильмі көпшілікке ұсынылды