Ауыл ақсақалы бұл бастаманы "ұрпаққа қалатын өнеге" деп бағалады
Абай облысында отызыншы ауыл ішімдіктен бас тартты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Абай облысының Бесқарағай ауданындағы шағын ғана Черемушка ауылы бүгінде үлкен өзгерістің символына айналды. Небәрі 25 аула, 60 тұрғын. Бірақ дәл осы ауыл елге үлгі боларлық батыл шешім қабылдап, алкогольден толықтай бас тартты. Бұл — жай ғана бастама емес. Бұл — заң мен тәртіпке негізделген жаңа қоғамдық мәдениеттің бастауы. Таңмен таласа мал өріске шығады, техника үні естіледі, балалар күлкісі жаңғырады. Ал ауыл көшелерінде тыныштық пен сенім салтанат құрған.
Черемушка халқы тәртіп бар жерде — береке бар екенін жақсы түсінеді. Заңға құрмет бар жерде — қауіпсіздік бар. Осы бағыттағы маңызды кездесуде ауылдың учаскелік полиция инспекторы Асет Сагадиев тұрғындарға қоғамдағы тұрақтылықтың маңызын ерекше атап өтті.
— Заң мен тәртіп — мемлекеттің ғана емес, әр шаңырақтың қорғаны. Қоғамдағы тыныштық ең алдымен адамның өз таңдауынан басталады. Сіздердің бүгінгі қадамдарыңыз — ертеңгі ұрпақтың қауіпсіз болашағына салынған берік негіз, — деді Әсет Сағадиев.
Тәртіп сақшысының айтуынша, алкогольден бас тарту — тек денсаулық мәселесі емес. Бұл — құқықбұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық жанжалдарды азайту, жастар арасында тәртіп мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолы.
Шынында да, бүгін Черемушкада мас күйдегі жанжал жоқ. Түнгі тыныштықты бұзатын дауыс жоқ. Есесіне спорт алаңындағы жастардың белсенділігі, еңбекке ұмтылған азаматтардың жігері бар. Ауыл әкімі Талғат Құмаров бұл бастаманы ауылдың болашағына жасалған маңызды инвестиция деп бағалады.
— Біз тек ішімдіктен бас тартып отырған жоқпыз. Біз ауылдағы тәртіпті, бірлікті, жауапкершілікті күшейтіп отырмыз. Әр отбасының амандығы — бүкіл ауылдың тұрақтылығы, — деді ауыл әкімі.
Черемушкадағы өзгеріс ең алдымен адамдардың санасынан басталды. Бір-біріне жанашырлық танытқан тұрғындар ортақ шешім қабылдап, ауыл тағдырына бейжай қарамайтындарын дәлелдеді.
Ауыл ақсақалы Сейітхан ата бұл бастаманы "ұрпаққа қалатын өнеге" деп бағалады.
— Бұрын "ауылдың берекесі — бірлікте" деуші еді. Бүгін соның нақты көрінісін көріп отырмыз. Денсаулықты сақтаған елдің рухы да мықты болады, — деді ақсақал ақ батасын беріп.
Бүгінде Черемушкада жаңа құндылық қалыптасып келеді. Мұнда заңды құрметтеу — талап қана емес, өмір салтына айналған. Жастар үлкенге қарап бой түзейді. Балалар қауіпсіз ортада өсіп келеді. Ал тұрғындар қоғамдық тәртіпті сақтауды ортақ міндет деп түсінеді. "Заң мен тәртіп" қағидаты дәл осындай елді мекендерден бастау алады. Себебі қауіпсіз қоғам — саналы азаматтан, ал саналы азамат — тәртіптен қалыптасады.
Черемушка — бүгін шағын ауыл болуы мүмкін. Бірақ оның таңдауы — үлкен үлгі.
Оқи отырыңыз: Алматылық екі азаматтан кене энцефалиті анықталды