Жәбірленуші тарап күдіктіге ең ауыр жаза қолдануды сұрап отыр
Атырау облысындағы бір отбасының төрт адамын айуандықпен өлтірді деген күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты тергеу амалдары толық аяқталды. Қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы 18 мамырда басталмақ. Іс Атырау облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық режимде өтеді, — деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазіргі таңда 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке бірнеше ауыр баптар бойынша айып тағылып отыр. Тергеу барысында оның тек адам өлтірумен шектелмей, марқұмдардың малын иемденіп, банк карталарын заңсыз қолданғаны анықталды. Осыған байланысты іс материалдарына «ұрлық» және «алаяқтық» баптары қосылды.
Жангелдин ауылында болған бұл қайғылы оқиға елді дүр сілкіндірген еді. Жоғалып кеткен бір отбасының төрт мүшесі — 66 және 62 жастағы ерлі-зайыпты зейнеткерлердің мәйіттері өз үйінің сарайынан табылса, олардың ұлы мен қызының денелері күдіктінің жалдамалы үйінің ауласынан қазып алынған болатын.
Тергеу барысы мен сотқа жолданған айыптау актісі туралы Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек толығырақ мәлімет берді:
«Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни екі немесе одан да көп адамды өлтіру фактісі, сондай-ақ алаяқтық және ұрлық деректері бойынша бірнеше іс тергеп-тексерілді. Айыптау актісімен бірге қылмыстық іс сотқа жолданды. Сәрсемалиевтен басқа қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталған жоқ. Ал Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс шегінде өндіріс тоқтатылды. Дегенмен, қылмысты жасыру дерегі бойынша бөлек іс қозғалып, қазіргі таңда тергеліп жатыр. Ақбаян бүгінгі таңда күдікті ретінде саналмайды», — деді прокурордың көмекшісі.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысы туристік хабқа айналмақ: биыл өңірге 280 мың саяхатшы келеді деп күтілуде