Адам өміріне қауіпті: Атырауда апатты тұрғын үйлер мен нысандар сүріліп жатыр

11.11.2026 21:26

Прокуратура мәліметінше, қалада барлығы 144 қараусыз ғимарат анықталған

Атырауда тозығы жеткен және қараусыз қалған ғимараттар көп. Тұрғындардың талабы мен сала мамандарының зерделеуінен кейін ескі нысандар сүріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атыраудың сол жағалауында тозығы жеткен баспаналар мен қараусыз қалған нысандар өте көп. Құлауға шақ ғимараттар адам өміріне қауіпті. Сол себепті  тұрғындар сұрықсыз нысандарды тезірек сүру қажет деп отыр.

БЛИЦ:

– Егер шынымен де адам өміріне қауіпті болса, сүру керек. Бірақ базар маңындағы кейбір үйлерді тарихи ескерткіш ретінде сақтаған дұрыс.

– Алдын алу керек, қауіпті, қоршау керек, меніңше

– Әуезов көшесіндегі екі қабатты үйлер қауіпті.

Әкімдік өкілердерінің айтуынша, биыл шаһарда 100-ден астам үй сүрілген. Нақтырақ айтсақ, Баймұханов, Амандосов, Әуезов көшесінде және Тұрғындар қалашығы ықшамауданындағы ескі нысандар бұзылған. Жыл соңына дейін тағы апатты жағдайда тұрған 8 көппәтерлі тұрғын үйді сүру жоспарланып отыр.

«Сүріліп жатқан нысандардың меншік иелері әртүрлі. Олардың басым бөлігі жеке тұлғалардың атындағы жеке тұрғын үйлер. Сонымен қатар кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылатын коммерциялық нысандар да бар. Жеке тұрғын үйлерді мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты өтемақыны 2027 жылдың І тоқсанында төлеу жоспарланып отыр», – деді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижан.

Құзырлы органның мәліметінше, мұндай нысандар тозығы жеткені үшін ғана сүріліп жатқан жоқ. Бұған қараусыз қалған ғимараттардағы түрлі құқықбұзушылықтардың орын алуы да себеп болып отыр.

«Сонымен қатар босап қалған аумақтарды абаттандырып, қоғамдық кеңістіктер құру және тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалысына жағдай жасау жоспарланып отыр. Бұл шаралар құқықбұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және қолайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған», – деді қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Әнуарбек Орынов.

Прокуратура мәліметінше, қалада барлығы 144 қараусыз ғимарат анықталған. Оларды бұзу жұмыстарына 130 миллион теңге бөлінген.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Ойын алаңындағы төбелес: жасөспірімді соққыға жыққан тұрғын қоғамдық жұмысқа жегілді

 

Толық көрсету