Адам саудасы: елімізде 41 қылмыс тіркелді

Бұл туралы Ішкі Істер министрлігіндегілер мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде адам саудасына байланысты 41 қылмыс тіркеліп, оның 9 дерегі кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігіндегілер мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қызылорда облысында қоғамдық қор жетекшісі жас әйелдің жаңа туған сәбиін басқа біреуге 1 миллион теңгеге сатпақ болған. Қазір бұл іске қатысты 3 күдікті қамауға алынған. Сонымен қатар Жетісу облысында екі жергілікті тұрғынға қатысты мәжбүрлі еңбекке тарту фактісі анықталып, оның жолы кесілді. Ал Алматы қаласында адамдарды қылмыстық мақсатта пайдалануға бағытталған адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Алматы қаласында қылмыстық мақсатта пайдалану үшін адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды іздеп тауып, оларды пайдалану құрбаны ретінде тартуға, жалған оң несие тарихын қалыптастыруға, кейін олардың атына Алматы және Шымкент қалаларында қымбат автокөліктер рәсімдеп, одан әрі сатуға бағытталған. Қазіргі уақытта негізгі ұйымдастырушылар ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Абай облысында заңсыз әрекетке қатысты күдікпен ерлі-зайыптылар ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, олар жүйелі табыс табу мақсатында Қазақстанның бірнеше қаласында вебкам қызметіне арналған студиялар ұйымдастырған. Міндетін өзара бөлісіп, модельдік келбеті бар жас қыздарды іздеумен және осы іске тартумен айналысқан. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

«Астана мен Алматы қалаларында, Абай, Атырау, Жамбыл, Павлодар және Маңғыстау облыстарында дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы заңсыз әрекеттерге және жастарды азғындатуға белсенді түрде тартылған тұлғаларға қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Оқи отырыңыз: Өскемен әуежайы жанармай бағасын көтергені үшін жауапқа тартылды

Новости партнеров