Адамдардың мінез-құлқы ескеріледі: Қазақстанда тұрақты тұру шарттары қатаңдатылады

20.04.2026 19:36

Премьер-министр құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді

Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін адамдардың мінез-құлқы да ескеріледі. Өтініш беруші бұған дейін жол ережесін бірнеше рет бұзған болса немесе әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оған рұқсат берілмейді. Яғни, талап қатаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Премьер-министр құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Жиында елдегі көші-қон жағдайы және оны реттеу шаралары қаралды. Олжас Бектенов жауаптыларға елге сұранысқа ие мамандар мен инвесторларды тартуды жүктеді.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды дарынды адамдар үшін бір магнит ретінде, білімді және ауқатты адамдар жұмыс істеуге, кәсіппен шұғылдануға келетін орынға айналдыруды тапсырды. Ол үшін көші-қон саясаты мәселесіне жаңаша көзқараспен қарау керек. Үдерістің барлық мүдделі тараптарға түсінікті нақты «ойын ережелерін» орнатуымыз керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Сондай-ақ жиында көліктердің техникалық күйі мен техникалық байқаудан өтуі қатаң бақыланатыны да айтылды. Нақтыласам, Ішкі істер министрлігі газбен жүретін темір тұлпарларды тексеруді күшейтіп, жарық шағылыстыратын белгісі жоқ көліктерді техбайқауға өткізбеуді ұсынып отыр. Сонымен қатар жолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, «жасырын» патрульдер көбейеді.

«Жүргізушілер ережелерді тек камералардың бақылау аймағында ғана емес, үнемі сақтауы керек екенін біржола түсінуге тиіс. Елордада «жасырын патрульдеу» тәжірбиесі сәтті қолданылып жатыр. Белгілі бір нәтиже бар. Қалған өңірлерге де бұл тәжірибені енгізу керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Газ жарылысы: Екпінді ауылында далада қалған отбасынан 4 адам ауыр күйікпен ауруханаға түсті