Газ жарылысы: Екпінді ауылында далада қалған отбасынан 4 адам ауыр күйікпен ауруханаға түсті

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабына сәйкес іс тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Екпінді ауылында жекеменшік тұрғын үй жойқын газ жарылысынан жермен жексен болып, салдарынан 4 адам ауыр күйікпен ауруханаға түсті. Қазір зардап шеккендердің жағдайы ауыр, олар дәрігерлердің бақылауында. Ауыл тұрғындары мен үй иесі апатқа газ құбырының ақауы себеп болды десе, көгілдір отынды тасымалдаушы компания қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Екпінді ауылының тұрғыны Самат Жайылханов сол күнді қорқынышпен еске алады. Ол таңғы 5:00 шамасында даладағы дәретханаға кеткен кезде, жойқын жарылыс үйдің ішін қақ жарып, қабырғаларын күл-талқан еткенін көрген. Баспана бір мезетте жермен-жексен болған. Үй иесі жанталаса үйінді астында қалған отбасы мүшелерін алып шығуға асығыпты. Көршілері де зардап шеккендерге көмектесуге тырысқан.

«Үйінді астынан балаларымды 10 минутта шығарып алды.  Өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметі де келді. «Мен ешкімді кінәламаймын» деген қағазға қол қойғаным есімде. Елдің бәрі газдан келген қауіп екенін көріп тұр. Газ шықса анықтайтын дабыл жүйесі қойлмаған» дейді. Мен бүкіл үйіме газға клапан қойсам да, жер астынан кеп тұрған газды тежей алмайды», – деді Екпінді ауылының тұрғыны Самат Жайылханов.

Жойқын жарылыстың күші соншалық, 8 соттық учаскедегі үй толықтай қирап, бүгінде орнында тек іргетасы қалған. Оқиға сағат 5:30 шамасында, ауыл шырт ұйқыда жатқанда болған. Үй иесінің айтуынша, газ жертөле арқылы ішке тарап кеткен. Сол мезетте балалардың бірі оянып, шай қоймақ болып ас үйде сіріңке жаққан сәтте жойқын жарылыс орын алған. Сол бір сәтте үйдің қабырғалары қақ айырылып, күл-талқаны шығып, ауаға ұшқан.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жарылыстан кейін жер бетіндегі шалшықтан көпіршіктер шығып жатқаны байқалған. Жұрт «бұл – жерасты газ құбырының тесілгенін байқатуы мүмкін» дейді. Енді елдімекен жұрты өз өміріне алаңдап отыр.

«Төбесіндегі шатыр ұшып кетті, көршінің терезесі сынып, қазір оны ағашпен жауып қойыпты. Газ құбыры ненің астымен жүргізілген, көршілер де, өзім де білмеймін, ұйықтай алмай жүрміз», – деді Екпінді ауылының тұрғыны Ерлан Айжанов.

Газ қызметінің мамандары да құбырдың ескіріп, шірігенін жоққа шығармады. «Бірақ жарылысқа үйдегі желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемегені себеп болуы мүмкін» дейді. Бұл болжаммен үй иесі де, ауыл тұрғындары да келіспейді. Олардың сөзінше, егер ақау баспана ішіндегі құрылғылардан болса, ас үйдегі газ плитасы мен өзге техникалар күлге айналар еді. «Біз оқиға орнына келген кезде жарылыстың нақты неден болғанын түсінбедік. Әйтеуір газ шығып жатты, бірақ оның нақты қай жерден шығып жатқанын білмедік. Кейін жер астынан көпіршіктер шығып жатқанын байқадық. Бұл – жерасты газ құбырынан болуы мүмкін. Ақау орны табылып, уақытша жабылды. Қазір зақымданған құбыр бөлігін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді газ компаниясының бас инженері Ерлан Құмашев.

«Үкімметтен бір жолғы жәрдемақы беріледі, оны осы уақыттан бастап үш айға дейін өтінім жазі керек. Самат ағамызға да айттым, семьялық жағдайын реттеп алғаннан кейін, өтінім жазады. Төтенше жағдайлар мен Ішкі істер басқармасына тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол кісілер тергеу жұмыстарын бітіргеннен кейін, нақты шешімін айтатын болады», – деді Ақсай ауылдық округінің әкімі Бақыт Төреев.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабына сәйкес іс тіркелген. Алайда, төтенше жағдай қызметі де, өзге жауапты органдар да тексерісті жедел жүргізуге асықпайтын көрінеді. Біз мән-жайды анықтау үшін әрқайсысына хабарласқанымызда, олар «біздің құзырымызға кірмейді» деп қайырды.

Жергілікті билік 2 миллион теңгеге дейін материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Алайда бұл қаражаттың баспанасынан айырылған отбасы  мәселесін толық шешпейтіні анық. Ауыр халдегі 3 баланың ауруханадан шыққан соң қайда барары әзірге белгісіз.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында 5 баладан эпидемиялық паротит анықталды

Новости партнеров