Бүгінде елімізде 2,5 млн-нан астам азамат зейнетақы алады
Қазақстанда аға буынға қолдау көрсету мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты, базалық және жинақтаушы құрамдас бөліктерден тұратын зейнетақы жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп отыр.
Зейнетақы төлемдері және индекстеу
Бүгінде елімізде 2,5 млн-нан астам азамат зейнетақы алады. Зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция мен әлеуметтік көрсеткіштерге сәйкес индекстеліп, кезең-кезеңімен ұлғайтылып келеді.
Сонымен қатар 18 санат бойынша азаматтар арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Олардың қатарында ардагерлер, тыл еңбеккерлері, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер және өзге де әлеуметтік осал топтар бар.
Әлеуметтік саясаттың кешенді жүйесі
Жалпы алғанда, Қазақстанның әлеуметтік саясаты адамның өмірлік барлық кезеңін қамтитын көпдеңгейлі қолдау жүйесіне айналып келеді.
Оның құрамына медициналық қызмет, ана мен баланы қорғау, отбасыларға қолдау, атаулы әлеуметтік көмек, білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, ғылымды дамыту және тұрақты зейнетақы жүйесі кіреді.
Бұл бағыттар әлеуметтік мемлекет қағидаттарын іске асырудың нақты көрінісі болып табылады. Негізгі басымдық – азаматтардың әл-ауқатын арттыру және өмір сапасын жақсарту.
Оқи отырыңыз: Жаңа мектептер, ваучерлік қаржыландыру, жаңа инфрақұрылым: білім берудегі өзгерістер қандай