Премьер-министр АӨК-ті мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарауды тапсырды
Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру барысында анықталған заңбұзушылықтар мен бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын ескере отырып, Премьер-министр мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атап айтқанда, Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерін өзара интеграциялау арқылы бірыңғай цифрлық мониторинг енгізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ субсидиялау тетіктерін қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге емес, нақты өндірілген өнім көлеміне бағдарлау тапсырылды.
"Мемлекеттік қолдау талаптары толық орындалғанға дейін субсидияланған малды сатуға жол бермейтін форматтық-логикалық бақылау тетігін енгізу, сондай-ақ мемлекеттік кредиттер есебінен іске асырылатын инвестициялық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына міндетті мемлекеттік сараптама жүргізу ұсынылды", - делінген Үкімет хабарламасында.
Бұдан бөлек, дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламалары жыл сайын шамамен 140 млрд теңгені және 3,2 мың қарыз алушыны қамтығанына қарамастан, олардың жүйелі тиімсіздікке алып келгені атап өтілді. Ағымдағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру үшін құрылған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлердің шығындарын 70%-ға дейін жабу жөніндегі мәлімделген көрсеткішке қол жеткізе алмай отыр. Қаражаттың көптеген қарыз алушылар арасында аз көлемде бөлінуі жұмыстардың толық циклін орындауға мүмкіндік бермейді.
Нақты заңбұзушылық фактілері бойынша материалдар тиісті іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.
Оқи отырыңыз: Жекеменшік мектептер мен АӨК-тегі қаржы заңбұзушылықтары: Үкімет аудит қорытындысын жариялады