Зертхана жоғары сапалы кескіндер және визуалды дерекпен жұмыс істеуге ыңғайлы заманауи мониторлармен жабдықталған
Елімізде алғашқы жасанды интеллект медиа зертханасы ашылды. «AI MediaLab» ғылыми-зерттеу орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол нейрожелілерді коммуникация саласында қолданатын еліміздегі алғашқы зертхана болмақ. Орталық оқу орны кешенді зерттеулер жүргізіп, технологиялық шешімдер әзірлейді. Университет басшылығының пікірінше, мұндай медиа зертхана құру – оқу ордасының білім мен тәжірибеге негізделіп, жаңа экожүйе қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадамы.
«Елімізде бойынша бұл бірінші орталық болып есептеледі. Себебі жасанды интеллектегі медиа әлі ашылмаған. Оны қарастырдық, талдау жасадық, бұл – бірінші ғылыми зертету орталығы. Жасанды интеллектпен жоба жасап жатырмыз», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі Әйгерім Әлжанова.
Зертхана жоғары сапалы кескіндер және визуалды дерекпен жұмыс істеуге ыңғайлы заманауи мониторлармен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда университетте былтыр ғана орнатылған суперкомпьютердің мүмкіндігі пайдаланылады.
Айта кетейік, ғылыми зертхана медиа және коммуникация бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Мәселен орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқандарға нейрожелі көмегімен жасалған алғашқы студенттік ғылыми-когнитивті, инклюзивті газеті таныстырылды.
«Инклюзивті қоғам мүшелері үшін, яғни газетті қолына алып оқи алмайтын немесе көзі көрмейтін адамдар үшін оңтайлы мүмкіндік қарастырдық. Біз жасанды интеллектің көмегімен QR-код орналастыру арқылы газет бетіндегі барлық материалдардың аудио және бейне нұсқасы бар. Ол арнайы сілтеме арқылы ютуб платформасында шығады. Қолжетімді болады», – деді магистрант Нұр-Алтай Өмірзақ.
Оқи отырыңыз: Астанадағы Сот төрелігі академиясы қашан магистранттарды қабылдайды