Аялдаманың іші сасық: Астанада жолаушылар сарышұнақ аязда далада тұруға мәжбүр

Қыста халықтың тоңбауы үшін арнайы жабдықталған жылы аялдамаларға үйсіздер кіріп алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада автобус күткен жолаушылар сарышұнақ аязда далада тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қыста халықтың тоңбауы үшін арнайы жабдықталған жылы аялдамаларға үйсіздер кіріп алады. Тұрғындар қолқаны қабатын қолаңса иіске шыдамай, амал жоқ далаға шығып кететін көрінеді. Жұрттың айтуынша, арасында ішімдікке сылқия тойып алып, ұйықтап қалатындары да бар.

"Біз сағат 7:00-де жұмысқа барамыз, 6:00-де ұйден шығамыз. Қаңғып жүрген жандар ішінде жүреді", – деді қала тұрғыны Махаббат Рахимова.

"Тоңсақ та сыртта тұрамыз. Үшке кіре алмайсың. Исі сасық", – деді қала тұрғыны Ақбота Мамаева.

Қоғамдық көлік күткен жолаушылардың айтуынша, жылы аялдамаларға кіріп алатын үйсіздер саны қыста көбейеді. Масаң күйде діттеген жеріне жете алмай, далада ұйықтап қалатындары да бар көрінеді. 55 жастағы Асқар Сәтенов осы жылдың басында ащы суға сылқия тойып алып, сарышұнақ аязда оң аяғы үсітіп алған. Өтіп бара жатқан кісілер жедел жәрдем шақырып, оны ауруханаға жеткізген. Мекемеде оған ота жасалып, кейін арнайы орталыққа орналастырылған.

"Орталыққа сәуірде түстім. Тамағын береді. Құжаттың бәрін жасады.  Жәрдемақы алғаннан кейін, аяғыма ота жасау үшін кезекке тұрам", – деді қала тұрғыны Асқар Сәтенов.

Асқар Сәтенов орналастырылған "Демеу" әлеуметке қосу орталығы талай жанның қоғамға қайта бейімделіп кетуіне ықпал еткен. Бұл жерде қазір 200-ден астам адам бар. Көбі – туыссыз қалғандар және ішімдікке салынып, құжатын жоғалтқан жандар. 

"Бұл – әлеуметтік орталық болғаннан кейін уақытша тұру мекемесі. Құжаты жоқ адамдарға құжат жасап, мүгедектікке рәсімдейміз. Зейнет жасына жеткен қызмет алушы болса, зейнеткерлікті алуға көмектесеміз", – деді "Демеу" әлеуметке қосу орталығының бөлім басшысы Сәуле Әбсадықова.

"Демеу" орталығына келушілердің саны әсіресе қыстыгүні көбейеді. Мекеменің арнайы бригадасы қаланы тәулік бойы аралап, үйсіз жүрген жандарды осында алып келеді. Сонымен қатар қалалық Полиция департаменті де көмекке мұқтаж жандарды осында жеткізеді. Олар көбінде жылы аялдамалардан табылады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда халықаралық "Бастау" кинофестивалі басталды

Новости партнеров