Бота Смаилованың отбасы солтүстікке Алматы облысынан 2020 жылы көшіп келген
Солтүстікке өзге өңірлерден көшіп келген ағайынның үйінен төртінші мәрте өрт шықты. Ал ашынған жұрт тұрғындарға арналып салынған баспаналардың сапасына қатысты сын айтудан шаршаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бота Смаилованың отбасы солтүстікке Алматы облысынан 2020 жылы көшіп келген. 28 жастағы әйел бұл облыста жаңа өмір бастап, жан-жақты дамуды жоспарлаған. Алайда күзде жол апатына ұшырап, аяғынан жарақат алып қалған. Ол аздай, енді өрт салдарынан үйі бүлінді. Тұрғынның айтуынша, жалын құрылыс кезінде кеткен қателіктің салдарынан өршіген.
"Қызыл тазикке су құйып, шашып өшірдім өртті. Су шашқанда өрт үйдің ішіне қарай жанды. Көршілер келіп, бірінші көмек берді. Мен көршінің телефонымен 101-ге хабарластым, өрт сөндіру қызметі жарты сағаттан кейін келді. "Пешті жасау керек" деп бірнеше рет айттым. Күйеуім жоқ, жалғызбан. Күзде пешті ауыстырамын пеш деп жүргенде, жол апатына түстім", – деді Подгорное ауылының тұрғыны Бота Смаилова.
Баспанасы өртке оранған тұрғынның көршісі Мөлдір Шеріпова да бағдарламаға қатысушыларға арналған үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтты. Көпбалалы ананың сөзінше, онда тұрудың өзі қиындық тудырады.
"Солтүстікке көшіп келгелі жақсы өмір сүріп жатқан жоқпыз. Үйді берді, үйді бергенмен ішіне кірсең, ештеңе жоқ ішінде. Бір, екі апта от жаққан кезде ішінің бәрі көгеріп кетеді. Тұсқағаздарды әшейін жапсыра салған, түсіп қалды", – деді Подгорное ауылының тұрғыны Мөлдір Шеріпова.
Қызылжар ауданы әкімдігінің дерегінше, бір ғана Подгорное ауылында қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар үшін 39 үй салынған. Ал өртке оранған баспана 2019 жылы алғашқыларының бірі болып тұрғызылған.
"Өрттің неден шыққаны төтенше жағдайлар департаменті зертханасының көмегімен анықталмақ. Ал көз жүгірте қарасақ, оқиғаға пеште болған ақаудың себеп болуы мүмкін екені байқалады. Техникалық тексеріс жүргізетін қызметті шақырдық. Олар барлық 39 үйдің қауіпсіздігін бақылап шығады. Кейін қорытындысы беріледі", – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Асхат Бакеев.
Қызылжар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, бұл ауылда тіркелген төртінші оқиға. Бұған дейінгі жайттардың барлығы пеш қондырғысын дұрыс салмау салдарынан болған.
Рүстем Айткәрім, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, СҚО
Оқи отырыңыз: Аялдаманың іші сасық: Астанада жолаушылар сарышұнақ аязда далада тұруға мәжбүр