Президенттің айтуынша, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұтымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқанына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия – Тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы Күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысуда. Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет.
«Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі. Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылай деген Мемлекет басшысы ел қорғаудың абыройлы міндет пен зор жауапкершілік екенін атап өтті.
«Бұл – әр азаматтың перзенттік парызы. Сіздермен бірге барша азаматтарымыз Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құрып жатыр. Осы тарихи жұмысымыз табысты болсын! Рухымыз мықты, мемлекеттілігіміз мәңгі болсын! Көк Туымыз биікте желбіресін! Қадірлі Отандастар! Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын!» - деді Қасысм-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Әскери шеруді AlmatyTV телеарнасының тікелей эфирінен, сондай-ақ арнаның YouTube желіcіндегі парақшасынан көре аласыздар.
Оқи отырыңыз: Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды - Президент