Елімізде жастар санатына жататын азаматтардың жасы 35-ке дейін ұлғайтылды
Қазақстанда 5,8 миллионнан астам жас азамат тұрады. Бұл – ел халқының үштен біріне жуық бөлігі. Халықаралық жастар күніне орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастардың ел болашағындағы рөліне тоқталып, оларды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аида Балаева жастарды еліміздің басты жасампаз күші деп атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның ертеңі ең алдымен жас ұрпақтың біліміне, білігіне, азаматтық ұстанымы мен бастамашылдығына байланысты.
«Адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды өркендету, инновацияны қолдау Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мемлекетті дамытудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, оларға артылған сенім мен жауапкершіліктің де жоғары екенін көрсетеді», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, жастар саясатына да жаңа серпін беріліп, жастар санатына жататын азаматтардың жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын жастардың қатары кеңейді.
Бүгінде жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына, баспаналы болуына, волонтерлікпен айналысуына және қоғамдық бастамаларға қатысуына жағдай жасалып келеді.
«Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы 5,4 мыңнан астам жас қазақстандық мемлекеттік қолдауға ие болды. Өңірлік тұрғын үй бағдарламалары аясында 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен жас маман баспаналы болған. Ал биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
Жастардың шығармашылық және қоғамдық бастамаларын қолдауға да басымдық берілген. Жыл сайын берілетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жас азаматтардың тың жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы өз саласында жоғары нәтиже көрсеткен жастарға табысталады.
«Бүгінде мыңдаған жас волонтерлікпен айналысып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып, «Таза Қазақстан» жобасына атсалысып жүр. Осындай нақты істер арқылы олар қоғамның дамуына, ел бірлігі мен ортақ құндылықтардың нығаюына өз үлесін қосуда», – деді Аида Балаева.
Қазір елімізде 400-ден астам жастар ұйымы және 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық өңірде креативті орталықтар ашылған. Олар жас авторлар мен шығармашылық сала өкілдеріне жобаларын дамытуға, кәсіби байланыс орнатуға және жаңа бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Министр жастардың елдегі цифрлық даму мен жаңа технологияларды енгізу үдерісіндегі рөліне де назар аударды. Оның пікірінше, жаңа технологияларды меңгеру, тың идея ұсыну, отандық ғылым мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту арқылы жастар Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қоса алады.
«Сіздердің білімдеріңіз бен жігерлеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жаңалыққа ұмтылыстарыңыз – Қазақстанның келешегіне салынған ең үлкен капитал. Біз сіздерге сенеміз, жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз және әрбір игі бастамаларыңызды қолдаймыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Ол жастарға жаңа мүмкіндіктердің ашылып, армандарының орындалуына тілектестік білдірді.
Оқи отырыңыз: Алматыда 10-16 тамыз аралығында ауа райы қандай болады