Билік өкілдері дауды тек сот шешуі тиіс деп отыр
Өтеген батыр ауылында жұрт қызыл сызықтың қақ ортасынан баспана алып жатыр. Бірнеше айдан бері басылмай келе жатқан даудың әлі де соңы көрінер емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл ауылды тұтас төрт бұрышынан зауыт қоршап жатыр. Қышқыл газ бөлетін өндіріс ошақтары мен ауыр техниканың даусы араласқан ортадан тұрғын үйдің сұлбасы қылаң береді. Ал құрылыс аяқталып, пәтер иелері қоныстанған соң, кәсіпорындар мен тұрғындар арасында дау туындауы ғажап емес. Мәселен, өндіріс өкілдері мұны қазірден айтып дабыл қағады. Олар «өндірісіміз ертең тұрғындардың наразылығымен жабылып, тоқтап қалуы мүмкін» деп алаңдаулы.
«Жүз автобус бір уақытта оталғанда одан газ шыға ма? Шығады. Дауыс шыға ма? Шығады. Ертең халық қалай ұйықтайды, қалай тұрады? Автобус соляркасы. Ар жағындағы зауыттан химикат зауыттардың иісі шығып тұрады. Мына үйді бәленбай миллионға сатып алған адам қалай тұрады? Мазасы кетпей ме?» – деді өндіріс қызметкері Талғат Ғұлымбаев.
«Біз құрылысты тоқтатып, оның заңдылығын анықтау үшін сотқа жүгінуді жоспарлап отырмыз. Мұндай көршілік ертең тұрғындардың да наразылығын тудыруы мүмкін. Зауыт болған соң шу, ыңғайсыз жағдайлар туындайды өндірісте», – деді Өндірістік зауыттың техникалық директоры Нұрлан Ілесов.
Жергілікті тұрғындар болса, қызыл сызықтағы құрылыстан тыныштықтың кеткенін айтты. Жұрттың айтуынша, өздері жөндеген жол ауыр техникадан бүлініп, қауіпсіздік ережесі сақталмай келеді. Ал ертең көппәтерлі үйлерге халық қоныстанса, аядай аулаға кіріп-шығу тіптен қиындамақ.
«Түзетіп жатыр дегенмен, ештеңені бұрынғы қалпына келтірмейді. Кәріз қазса, бәрін ашық тастайды. Су тартып жатса, біз тас төсеп қойған жерді қопарып тастайды, бәрі балшық болып шығады. Мүлде түсінбеймін, бұл – өндірістік аймақ қой», – деді Өтеген батыр ауылының тұрғыны Ольга Исханова.
Төрт құбыласы да зауытпен қоршалған дәл осы жерде орналасқан. Ал қазір біз халықаралық деңгейде пластик қақпақшалар өндіретін зауыттың аумағындамыз. Жалпы заң бойынша кез келген мекеме зауыттан 100 метр қашықтықта орналасу тиіс. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай бұл шарт мүлде орындалмаған. Сондай-ақ кешеннің болашақ тұрғындары мына үздіксіз генераторлардың дыбысын тыңдап өмір сүруге мәжбүр. Ал мердігерлер құрылыстың барлық рұқсат құжатын Іле ауданының уәкілетті органдарынан алғанын айтады. Сондай-ақ олар екі зауыттың шағымы сотта қанағаттандырылмағанын, ал санитарлық аймақ мәртебесі құрылыс басталған соң ғана берілгенін алға салды.
«Құрылыс бүгінде заңды рұқсат қағаздардың арқасында жүріп жатыр. Күші жойылмаған. Жердің қолдану мақсаты тұрғын үй салу деп көрсетілген. Сотта құжаттар тексерілді. Заңды екені көзіне жетті». – деді құрылыс компаниясының заңгері Сағынбек Бекмағамбектов.
Ал облыстық жер ресурстарын басқару департаменті мәселеге нүкте қоймақ болып, мердігер компанияны сотқа берген. Мамандар құрылыстың заңсыз екенін алға тартып отыр. Қызыл сызықта, өндірістің жанында тұрғын үй салуға рұқсат жоқ дегенімізбен, аудандық деңгейде берілген құжаттар мердігердің қолын ұзартқан сыңайлы. Нақтысын айтқанда, Іле ауданының бас жоспары бойынша, құжатта зауыт қоршаған аймақ «санитарлық» деп танылып үлгермеген. Сондықтан аудан көлемінде кешенді салуға рұқсат беріліпті. Ал ол құжаттың облыстық ережелермен сәйкеспейтінін ешкім дер кезінде ескермеген.
«Зауыттардың санитарлық, қорғау аймағы болмаған. 2024 жылы бас жоспарға өзгертулер енгізілді. Бұл мәселе бойынша жер инспекциясы о баста дұрыс берілмеген», – деді Іле ауданы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Дулат Мұратхан.
Билік өкілдері дауды тек сот шешуі тиіс деп отыр. Бірақ созылып кеткен процестер жағдайды күрделендіріп барады. Оған қоса, тұрғын үйге көршілес орналасқан зауыттар да бірлесіп, сотқа қайта арызданбақ. Әзірге кешеннің болашағы да, заңсыз құрылысқа рұқсат бергендердің жауапкершілікке тартылуы да бұлыңғыр күйде. Ал үйлі боламыз деп алдын ала пәтер брондап қойған адамдардың хәлі ертең қалай болары белгісіз.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Биыл елімізде 28,9 триллион теңгенің өнімін өндірілді