Аталған әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген залал 9 млн теңгеден асқан
«Бурабай» ұлттық табиғи паркінің құрамына кіретін Жөкей көлінде заңсыз балық аулаған браконьерлерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 4-бөлігінің 1) тармағы бойынша тергелген. Тергеу барысында 2024 жылдың қыркүйек айында үш азаматтың алдын ала сөз байласу арқылы түнгі уақытта үрлемелі қайықтарды пайдаланып, көлден жабынды тормен 640 килограмнан астам балықты заңсыз аулағаны анықталған.
Аталған әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген залал 9 млн теңгеден асқан.
"Аудан прокуроры қылмыстық істі Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдап, сот процесінде мемлекеттік айыптауды қолдады. Сот пен алқабилер алқасы алдында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. 2025 жылғы 1 желтоқсанда шығарылған сот үкімімен үш азамат кінәлі деп танылып, балық аулау кәсібімен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", - делінген ақпаратта.
Прокуратура экологиялық құқық бұзушылықтар үшін заңда көзделген жауапкершіліктің бұлтартпас екенін еске салып, азаматтарды балық аулау ережелерін сақтауға және су биологиялық ресурстарын қорғауға жауапкершілікпен қарауға, әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда заң талаптарын қатаң орындауға шақырды.
Оқи отырыңыз: БҚО-да боранды күні адасып кеткен екі адам табылмай жатыр