Аталған дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр
Ақтауда пластикалық ота жасатпақ болған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың анестезиядан кейін денсаулығы күрт нашарлап, қайтыс болды. Марқұмның әйелі дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптаса, клиника басшылығы өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ербол Айтуов иек тұсындағы артық майды алдыру үшін өткен айда жекеменшік клиникада ота жасатпақ болған. Алайда анестизиялық екпеден кейін пацинеттің жағдайы күрт нашарлап, кейін комаға түскен. Бір айға жуық есін жимай, ауруханада көз жұмды. Марқұмның жұбайы болған жағдайға жеке медициналық орталықты кінәлап отыр. Ол «пациентті толық тексермей операцияға алған» деп есептейді.
«Оның организмінде медициналық қарсы көрсетілімдер мен ауру болған, алайда талдаулары толық тексерілмеген. Қандағы қант құрамы жоғары болғандықтан, мұндай жағдайда хирург оны операцияға алмауы керек еді. Сондай-ақ анестезиолог наркоз салмас бұрын, тіпті екі күн бұрын сұхбат жүргізіп, оның денсаулық жағдайын білуі тиіс болатын. Бірақ бұл шаралардың ешқайсысы жасалмаған. Біздің басты талабымыз –Айтуовтың комаға түсуіне және өліміне не себеп болғанын нақты анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Алдирза Қуанышкереев
Басы бәлеге қалған клиниканың бас дәрігері Артур Тәжиев әлеуметтік желіде тараған ақпараттың кейбірі шындыққа жанаспайтынын айтып отыр. Ол «клиника лицензиясыз жұмыс істеді» деген ақпаратты да жоққа шығарды.
«Операцияға дайындағаннан кейін наркоз беріледі. Содан кейінғана операцияға кірісеміз. Наркозға бергеннен кейін мониторға көзім түсіп кетті. Қан қысымы 210-220-ға көтеріліп тұрды. Сол себепті ота жасауға болмайтынын айтым. Жарты сағат, 40 минут, 1 сағат бойы қан қысымы түспеді. Сол себепті ота жасауға болмайтынын айтып, шешіндім», – деді медицина орталығының бас дәрігері Артур Тәжиев.
Қазір аталған дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр. Марқұмның туыстары кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс десе, клиника өз әрекетінің заң аясында болғанын алға тартуда. Соңғы нүктені тергеу қорытындысы қояды.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Алматыда із-түзсіз жоғалған жігіттің өліміне қатысты тергеу басталды