Ақтауда ерекше білім беруді қажет ететін балалар мемлекеттік қолдауға мұқтаж

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, субсидия мәселесі бойынша министрлікке хат жолдаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда ерекше білім беруді қажет ететін балалар мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Себебі жекеменшік мектептегі бір оқушының айлық ақысы – 180 мың теңге. Кейбір отбасылар үшін бұл – көтере алмайтын жүк. Ал мемлекеттік мектептерде қажетті жағдай болмағандықтан, ата-аналар амалсыз ақылы білім беру ұйымына жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар білім алып қана қоймай, тұрмыстық дағдыларды меңгеріп, спортпен айналысады, сурет салады. Мамандардың көмегіне сүйенген ата-аналар жұмыс істеуге де мүмкіндік алған. Алайда ай сайын 180 мың теңге төлеу оңай емес. Сондықтан олар мемлекеттен субсидия сұрайды.

«Арнайы мектепбаламды үйде оқытуға жіберіп отыр. Сондықтан осында ауысып келдік. Мектепке Үкіметтен субсидия бөлінгенін қалаймыз. Не үшін, себебі оқу ақысын сәл төмендету керек», – деді ата-ана Сандуғаш Шортанова.

«Дефектолог, логопед басқа да мамандардың ақшасын бөлсін деп тұрған жоқпыз. Бізге ең бастысы білім беріп отырған сынып жетекшісі мен тьютордың айлығына ақша бөлсе, төлемді жеңілдететін еді», – деді ата-ана Жұлдыз Шындығалиева.

Ата-аналардың талабы – барлық шығынды мемлекетке арту емес. Олар ең болмаса балалармен күнделікті жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысын субсидиялауды сұрайды. Мектеп басшылығы да мемлекеттік қолдау болса, оқу ақысын төмендетуге немесе кейбір қызметтерді тегін ұсынуға мүмкіндік туатынын айтады. Қазір мұнда 60 бала білім алып жатыр.

«Әлі балаларды қабылдай аламыз. Егер оқу ақысын азайтсам, қандай да бір сабаққа келіп-кетуін азайтуға болады. Үкімет қаржыландырса, оны да қарастыру керек», – деді инклюзивті мектептің құрылтайшысы Гүлжамал Сәрсенова.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, субсидия мәселесі бойынша министрлікке хат жолдаған. Бірақ заң бойынша мемлекеттік тапсырыс тек жекеменшік әріптестік аясында салынған мектептерге ғана беріледі.

«Тек жекешелік әріптестік арқылы салынған мектептер болса, мемлекет тапсырысы беріледі деп қаулы қабылданды. Сол себептен осы мекемені заң аясында қаржыландыра алмаймыз», – деді Маңғыстау облысы Білім басқармасының басшысы Гүлбану Қызылғұлова.

Ерекше бала асырап отырған ата-аналар бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігі деңгейінде көтермек. Өйткені ерекше баланың сапалы білім алуы отбасының қаржылық мүмкіндігіне тәуелді болмауы керек.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект дәуірі: колледж түлектерінен қандай дағдылар талап етіледі