Ақтаулықтар бірнеше айдан бері газсыз отыр

26.02.2026 18:25

Былтыр 32-шағынаудандағы Асия тұрғын үйінің жертөлесінде газ жарылған

Ақтауда көпқабатты үйдің тұрғындары бірнеше айдан бері газсыз отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv 

Естеріңізде болса, былтыр 32-шағынаудандағы Асия тұрғын үйінің жертөлесінде газ жарылған. Оқиғадан кейін мамандар дүмпудің нақты себебін анықтау үшін аула аумағын қазып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Алайда арада 4 ай өтсе де мәселе шешімін таппады. Кесірінен тұрғындар көгілдір отынға әлі қосылмаған. Ал газ құбырынан ақау іздегендер жерді қазып, сол күйінде аяқсыз тастап кеткен.

№83 үйде бас-аяғы 75 пәтер бар. 200-ге жуық адам тұрады. Газ құбырының жарылысы өткен жылдың қазан айында тіркелді. Содан бері мәселе созбалаңға салынып келеді. Көгілдір отын орнына тоқ пеш пайдаланған халық «қалтаны қаққанымен қоймай, электр желісіне түсетін салмақты да көбейтіп жіберді»деп шағымданды.

«Электр тогының тарифі қымбат. Базардың плиткасын екі күн істесе, үшінші күні бұзылады. Осы 4 айдың ішінде 2 плитка сатып алдым 9 мың теңгеден. Айлығым 150 мың теңге, жалғызбасты анамын», – деді қала тұрғыны Бақтыгүл Бегешова.

«Қаншама рет әкімдікке жүгіндік, бірақ  үйдің салған құрлыс компаниясы құжатты құзырлы органдарға тапсырмаған. Құбырдың шетін сараптамаға жібемек. Баратын жерге барамыз», – деді қала тұрғыны Жанар Бекішбаева.

Тұрғын үйді салған мердігер мекеменің өкілдері бізбен байланысқа шықпады. Десе де қаланың бас сәулетшісінен жауап ала алдық.

«Құрлысшы  құжаттарын рәсімдеу қажет. Біріншіден, сөздің ашығын айту керек, газды қоспай отырған себебі де дұрыс қой, құжаты дұрыс болмағандықтан қоспайды. Әдейі қоспай отырған ешкім жоқ. Кеше жиналыс өткізіп, сөйлестік. Сол жерде бірнеше нәрсені талқыладық», – деді Ақтау қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сайлаубаев.

Барлық мәселе мердігер ұйымның рұқсат құжаттарының түгел еместігінен болып шықты. Заңды түрде оны рәсімдеу үшін мамандар бір жарым ай уақыт керек екенін айтты. Ал төрт айдан бері ашық-шашық жатқан жерді әкімдіктегілер осы аптаның ішінде қалпына келтіріп, жауып береміз деп уәде берді.

Оқи отырыңыз: Маңғыстаулық мұнайшыларға жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

Теги: Ақтау