Ақтөбе облысында 5 баладан эпидемиялық паротит анықталды

Өңірде аталған инфекцияны жұқтыру жағдайы соңғы рет 5 жыл бұрын тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысында 5 баладан эпидемиялық паротит анықталды. Жергілікті эпидемиологтардың мәлімдеуінше, олардың барлығы дертке қарсы екпе алмаған. Қазір науқастар дәрігерлердің бақылауында стационарлық ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, халық арасында «шошқа ауруы» аталып кеткен бұл дерттің салдары ауыр болуы мүмкін. Оның алғашқы белгілеріне – әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және құлақ маңы сілекей бездерінің ісінуі жатады. Өңірде аталған инфекцияны жұқтыру жағдайы соңғы рет 5 жыл бұрын тіркелген.

Бұл ретте, мамандар аурудан қорғанудың жалғыз жолы – вакцина екенін айтты. Ал ол екпе балаларға 1-ге толғанда және 6 жасқа келгенде салынады.

 «Бұл ауру асқынуларымен қауіпті болып саналады. Оның салдары менингит, энцефалит, орхит, панкреатитке әкелуі мүмкін. Тіпті науқас болашақта бедеулікке тап болуы ықтимал. Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ауру ошақтарында індетке қарсы барлық шаралар жүргізілді», – деді  Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлфайруз Жұбаева.

Оқи отырыңыз: Елде маймыл шешегіне ауруы тіркелген жоқ — ДСМ

Новости партнеров