Билік өкілдері барлық жұмыс қаланың бас жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқанын және одан ауытқуға болмайтынын айтты
Ақтөбеде 100-ден аса көлікжай сүріліп, оның орнына жаңа жол салынбақ. Алайда гараж иелері оған үзілді-кесілді қарсы. Қайтсек те, құқығымызды қорғаймыз деген жұрт қала билігін жеке мүлікке қол сұқты деп айыптап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтөбелік тұрғындар «Авиатор-3» кооперативіне қатысты дау әлі басылар емес» дейді. Оның сөзінше, билік өкілдері 100-ден аса гаражды сүріп, орнына жол саламыз деген хабарлама жіберіпті. Дәл осы жағдай былтыр да болған. Алайда сол кезде жергілікті жұрт жеке мүлкін қорғап қалған.
«Осымен екінші рет келіп тұр. Былтыр да осылай болған. Бірақ әкімнің өзі араласып, бәрін тоқтатты. Өйткені, әділ емес қой. Біз алаңдап отырмыз. Мүлкімізді заңды түрде сақтап қалғымыз келеді», – деді қала тұрғыны Елена Пономарчук.
«Бізге қойма керек. Онда көлігімізді қоямыз, құрал-саймандарымызды, авто бөлшектерді, дөңгелектерді сақтаймыз. Егер оны бізден алып қойса, заттарымыздың барлығын қайда сыйғызамыз?» – деді қала тұрғыны Людмила Головатая.
Айта кетейік, 1980 жылдардың соңында құрылған кооперативте шамамен 1300 көлікжай бар. Оларды сүруге қарсылық білдірген тұрғындар басқа амал қарастыруды сұрап отыр.
«Біз балама амал ұсынып отырмыз. Қоймаларды сүрмей-ақ, олардың артына жол салсын. Ештеңе өзгермейді. Тәуелсіздік пен Сәңкібай батыр көшелері қосылады. Ал біздің кооперативке зиян келмейді», – деді Көлікжай кооперативінің төрағасы Руслан Баймұханов.
Алайда билік өкілдері барлық жұмыс қаланың бас жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқанын және одан ауытқуға болмайтынын айтты.
«2024 жылы бекітілген бас жоспарға сәйкес әрекет етіп отырмыз. Бұл аумаққа автожол мен мектеп салу жоспарланған. Осы мақсатта жол түсетін аумақта тұрған нысандардың иелеріне хабарлама жібердік. 15 адам келісім берді. Қалғандары келіспесе, сот арқылы шешуге тура келеді», – деді Жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ерлан Сағынов.
Айта кетейік, тұрғындарға көлікжайларды нарықтағы бағамен сатып алу ұсынылған. Алайда олар ақшаға мұқтаж емес екенін айтты. Үмітін үзбеген көпшілік қалай да мүлкін қорғап қалуға тас бекініп отыр.
Аяулым Көлжігіт, Наталья Лаврентьева, Әлихан Молдабек, Ақтөбе
Оқи отырыңыз: Оралда телефон алаяқтарына жәрдемдескен күдікті ұсталды