Ақтөбеде 35 мың орындық жаңа футбол стадионы салынып жатыр
Үкімет стадион құрылысына 6,5 миллиард теңге бөлді
Үкімет Ақтөбеде футбол стадионын салуға 6,5 миллиард теңге бөлген. Жаңа нысан 35 мың көрерменге арналған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғимарат қазір қаланың батыс бөлігіндегі 25 гектар аумақта бой көтеріп жатыр. УЕФА-ның төртінші деңгей талаптарына сай жобаланған бес қабатты кешеннің жалпы аумағы 80 мың шаршы метрден асады. Нысанда футбол алаңы мен көрермендер трибуналарынан басқа, командалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған инфрақұрылым болады. Жоба үш кезеңмен жүзеге асырылады. Құрылысты 2028 жылдың қыркүйегінде аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
«Жобаның іске асырылуы футбол мачтарына қатысу мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жаңа аренада ірі спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларды да өткізуге болады. Бұл стадионды футбол матчтары өтетін күндері ғана емес тұрақты түрде пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды