Ақтөбеде 35 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмды

13.10.2026 20:40

Полиция күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады

Ақтөбеде 35 жастағы әйел пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Қанды оқиға ауладағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таспаланған кадрдан белгісіз ер адамның есіктің алдындағы орындықта отырған келіншекке жақындағанын, ал жәбірленушінің одан бойын аулақ ұстауға тырысқаны анық көрінеді. Бірер сәттен соң күдікті әйелді жұлқылап, күш көрсетіп, кейіннен арқасына аяусыз пышақ сұғып алған. Ауыр жарақаттанған келіншек оқиға орнында жан тапсырды.

Полиция күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. 

"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе қаласында әйелді өлтірді деген күдікпен полиция 28 жастағы Атырау қаласының тұрғынын ұстады. Анықталғандай, күдікті мен марқұм таныс болған. Араларында жанжал туып, ер адам әйелге пышақ жарақатын салған. Салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды", - деді Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров.

Оқи отырыңыз: Абай облысындағы мектепке сапасыз көмір жеткізілген


 

Толық көрсету