Ақтөбеде анасын өлтірді деп күдіктелген жасөспірімге қатысты жаңа ақпарат шықты

04.12.2025 16:23

Көршілердің айтуынша, ұсталған жасөспірім – отбасындағы үлкен бала

Аlmaty.tv

Ақтөбеде 2 желтоқсанға қараған түні болған қанды оқиға кезінде көз жұмған 41 жастағы әйелдің денесі жер қойнына тапсырылды. Ал марқұмның енесі – 71 жастағы қария кісі әлі ауруханада жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Диапазон» басылымының жазуынша, қанды оқиғаға байланысты аталған отбасының көршілері сол түні пәтерден қатты айғай-шу естілгенін айтқан. Ал шақырту бойынша барған полиция өкілдері пәтерден зорлық белгілері бар әйелдің мәйітін тапқан. Сондай-ақ сол пәтерде пышақ жарақаттарынан қансырап жатқан жерінен табылған қарт әйел №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

Оқиға бойынша күдікті ретінде марқұмның 16 жастағы ұлы ұсталған. Полиция оның өз кінәсін мойындағанын хабарлады.

– Біз қазір ғана Алға қаласынан, марқұмды жерлеу рәсімінен келдік. Ол жақта баланың анасының да, әкесінің де ата-аналары тұрады. Сол түні төртінші қабаттағы олардың пәтерінен қатты айқай-шу естілді. Үстіңгі қабаттағы көршілер полиция шақырды. Артынша баланы алып кетті. Біз куәгер болдық, – дейді көршілері.

Көршілердің айтуынша, ұсталған жасөспірім – отбасындағы үлкен бала. Жеке мектепте оқыған. Екінші ұлы да сонда оқиды. Кенжесі 5 жаста, мектепке дайындық тобына барып жүрген.

– Үлгілі, тәрбиелі отбасылардың бірі еді. Анасы ХҚКО-да жұмыс істеді, әкесі вахталық әдіспен еңбек ететін. Үш бала да тәрбиелі, әжесіне көмектесіп жүретін. Мұндай жағдай болады деп үш ұйықтасақ, түсімізге де кірмеген еді, – дейді олар.

Қайтыс болған әйелдің енесі – сол түні жараланған 71 жастағы қарт кісі әлі ауруханада жатыр. Оны жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырған.

– Пациент бізге мойын, жамбас, иық, қол тұстарында көптеп салынған пышақ жарақаттарымен түсті. Қабырғалары сынған, кеуде және іш тұсында жабық жарақат болды. Қазір жағдайы тұрақталып келеді, жаралары тігілді. Әйел сөйлей алмайды, әрі нашар естиді, – деді дәрігерлер.

Қанды оқиға болған пәтер қазір пломбаланған.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жасөспірім анасын өлтірді деген күдікке ілінді