Ақтөбеде заңсыз қаржылық қызмет көрсеткен азамат ұсталды

20.04.2026 15:09

Алдын ала есеп бойынша, заңсыз жолмен тапқан табысы 93 миллион теңгеден асқан

Ақтөбеде заңсыз қаржылық қызмет көрсеткен азаматтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2020–2025 жылдар аралығында тұрғындардан тұрмыстық техниканы кепілге алып, қарыз берумен айналысқан. Алайда оның мұндай қызметті жүзеге асыруға қажетті лицензиясы болмаған. Бақылаушы органдардан жасырыну мақсатында ол жұмысын комиссиондық дүкен ретінде бүркемелеп жүргізген. Қаржылай қиындыққа тап болған азаматтарды пайдаланып, тәулігіне 3,7%-ға дейін өсетін мөлшерлеме белгілепті. Бұл көрсеткіш заңда рұқсат етілген 0,3% шектен 12 есе жоғары. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз жолмен тапқан табысы 93 миллион теңгеден асқан.

«Сот санкциясымен күдіктінің 3 автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Кентауда заңсыз кен өндіргендер анықталды